ШЕРХАНТАНУДЫҢ ШЕРІ
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, -
Деп жылар қайран қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ айтар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде, - деп көріпкелі мен әулиелігі бар Ер Бәукең жырлағандай, жыл өткен сайын Шерхан шыңының басы Хан-Тәңіріндей, Бұланайдай биіктеп барады... Биіктей берсе екен. Сонау заңғар шыңда болса екен. Зау тұлғаның болмысы мен атын қажетсіз сөздердің, пікірлердің кірі шалмаса деп тілеймін. Осы күндері ескерткішке байланысты дау «Шерхантанудың» да шеріне айналды.
Рух пен намысты тел алып жүріп, ұлттық руханияттың жаршысы болған Шерағамның 90 жылдық мерейтойының алдында ескерткішіне байланысты дауға орай айтылған пікірлерге өз көзқарасымды білдірсем деймін. 2011 жылдан бері Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының тізгінін ректор Ерболат аға Саурықовтың сеніп тапсыруымен тізгіндеп отырған жайым болған соң, менің де айтарым бар.
«Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген сөзге кереғар, көзі тірісінде-ақ, яғни 2009 жылдың 29 сәуірінде халық қалаулысының келісімімен Қазақстанда тұңғыш рет ХТИИ-да (сол кезде ТИГУ) «Шерхантану» орталығы бой көтерді. Жазушының мұрағаттық дүниелерінің көпшілігі орталыққа алынып, Шерғамен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, өңделіп, зерттеліп, том-том кітаптар жарыққа шыға бастады. Содан бері орталық негізгі үш бағытта мардымды жұмыстар атқаруда:
1. Ғылыми-зерттеу бағыты. Осы күнге дейін 20-ға жуық дипломдық және магистрлік диссертациялар Шерағаның сан түрлі қырлары аясында сәтті қорғалуда. 3 монография даярланып жатыр.
2. Жазушы шығармашылығы мен қайраткерлік тұлғасын өскелең ұрпаққа насихаттау, оған негізгі бір ғана дәлел – Республикалық Шерхан оқулары байқауының дәстүрлі түрде алты жыл қатарынан өткізілуі; республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, байқаулар, т.б.
3. «Қазақтың Шерағасы» көптомдық шығармалар жинағының жарияланып отыруы. Қазіргі таңда олардың жалпы саны 16- ға жуықтап отыр.
4. Орталықтың бастамасымен облыс мектептерінде «Шерхантану» пәні вариативті курс ретінде жүргізіле бастады. Шерхантану оқулығы тұңғыш рет жарық көрді.
5. Студенттерге конкурс нәтижелерінде «Шерхан стипендиясы», «Шерхан Мұртаза атындағы гранттар» беріле бастады.
Бұл атқарылып жатқан жұмыстардың жартысы ғана.
Шерағамның болмысы туралы сан түрлі пікірлерді естіп те жүрміз. Тіпті, кейбір облысымызға танымал тұлғалардың да кереғар пікірлерін құлағымыз шалған кездер де болды. Ал, біздің орталықтың мақсаты - 2009 жылдан бері ұлы тұлғаны ұлықтау. Атай берсек, жасап жатқан азды-көпті жұмыстарымызға облыс қана емес, республика жұртшылығы куә деп ойлаймын. Және ең басты атап кететін мәселе, осындай қыруар жұмыстардың атқарылуына негізгі демеуші болып отырған ХТИИ ректоры Ерболат аға Саурықов екенін де баса айтқым келеді. Мұндай жұмыстарда қаржының көп мәселені шешетіндігі айтпаса түсінікті деп ойлаймын.
Сонда, бүгінгі 90 жылдығында «жанашырлар» көбейіп, олар ешкімнен қаржы да, қаражат сұрамай, өздігімен Шерағаның әруағы үшін 2009 жылдан бері қызмет атқарып отырған ЖОО-ың Студенттер үйінің алдына ұлық тұлғаның еңселі ескерткіші қойылғанына неге қарсылық танытуда?
Ол ғимараттың өткен тарихы кімге қажет, кешегіні тізбектемей, болашаққа еңсемізді тіктеп аттасақ болды емес пе? Студенттер үйінен өсетін елдің, өркен жаятын елдің ұрпағы Шерхан өсиетінен ғибрат алар, ұлттық рухы биік жақсылар мен жайсаңдар шықпай ма екен? Оқу ордасының алдында қасқайып тұрған Шерхан Мұртазаның алып ескерткішін көріп өскен ұрпақ одан титтей болса да өнеге алмай ма?
Мұғалім болсын, агроном болсын, заңгер, дәрігер болсын, ол ең әуелі – еліміздің ертеңі, Жаңа Қазақстанды жасаушы болашақ ұрпақ. Шерхан Мұртаза – тек әдебиетшілерге тиесілі тұлға десек, қателесеміз, ол иісі қазақтың ұлысы, барша қазақтың көшбастар рухты тұлғасы. Олай болса, барша облысымыздың зиялы қауым өкілдерінен, сүйікті ағаларымнан кешірім сұрай отырып, өз пікірімді білдіруім – Шерағамның шын жанашыры екендігімнің куәсі болсыншы.
P/s: Тағы бір айта кететін мәселе, Желтоқсан көшесінде орналасқан ғимараттағы «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы да тамыз айында Студенттер үйінің қасынан бой түзеген жаңа ғимаратқа көшіріледі. Еңселі ескерткіш «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының қасында болмақ. Ал, ХТИИ-дың болашақта Шерхан Мұртазаның есімін алуы – алдағы күннің еншісінде.
Халықаралық Тараз инновациялық институты «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Кембаева