«Әлем таныған тұлға – Тұрар Рысқұлов» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті
Бүгін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхантану және Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Тарих және география» кафедрасы бірлесе отырып, Жамбыл облысының 85 жылдығына және Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай «Әлем таныған ұлы тұлға - Тұрар Рысқұлов» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өткізді.
Ғылыми-әдістемелік конференция Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты негізінде оффлайн және онлайн режимінде ұйымдастырылды.
Ұсынылған формат ұлттық тарихымыз бен руханиятымызды зерттеуде, әлем таныған тұлға шығармашылығын зерттеуге саналы ғұмырын жұмсаған Шерхан Мұртаза мен Тұрар Рысқұлов сынды қоғам қайраткерлерінің тағылымын ұрпаққа жеткізуде және оқытуда тәжірибе алмасуға және қазіргі кең ақпараттық кеңістіктің жаңа заманауи жағдайында педагогика ғылымының өзекті мәселелерін талқылауға және цифрлық технологияларды қолданудың маңыздылығын анықтауға мүмкіндік береді.
Конференцияны тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалы жүргізді. Кіріспе сөзді институттың вице-президенті Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы сөйледі.
Пленарлық отырыста Қазақстанға танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері баяндама жасап, тұщымды ойларымен бөлісті. Атап айтсақ: экономика ғылымдарының докторы, академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері О.Сәбден «Тұрар Рысқұлов - халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткер» тақырыбында баяндама жасаса, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Жамбыл» атындағы қазақ әдебиеті мен фольклорын зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы «Т.Рысқұлов және Шерхан Мұртаза: ой-таным бірлігі, ұлттық ұстаным бірлестігі» тақырыбында ой қозғады. Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Асқар Абдуалы «Тұрар Рысқұлов және тәуелсіз ел руханияты» тақырыбына тоқталып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген «Шың мен шындық» тақырыбы аясында баяндама жасады. Ал, Шерхан Мұртаза атындағы «Тарих және руханият» орталығының директоры Сауран Қалиев Тұрар Рысқұловтың Әулиеата уезіндегі қызметі жайында айтып берді.
«Тұрардың саяси сауаттылығы мен атқарған істеріне сәйкес Әулиеата уезінің мұсылмандары да, большевиктері мен эсерлері де оны саяси тұлға ретінде мойындаған. Уездің аштан қырыла бастаған көшпелі қазақ халқына көмектесу үшін Т.Рысқұлов биліктегі орыс революционерлермен келіс сөздер жүргізеді. 1918 ж. 21 сәуірде Т.Рысқұлов Әулиеата қазақтарының тұңғыш съезін ұйымдастырады. Съезде ашаршылықпен және жұқпалы аурулармен күрес, қазақ-орыс қарым-қатынасы, уездік кеңес құрамына қазақтар арасынан депутаттар сайлау туралы мәселелер талқыланады. Т.Рысқұлов қазақ съезінің шешіміне сәйкес Әулиеата уездік кеңесінің мүшесі болып қабылданады. Уездік кеңестің ұлттық құрамының жергілікті халықтың пайдасына қарай өзгеруіне күш салады. 1918 ж. жазда Т.Рысқұлов Әулиеата уездік кеңесінің төрағасы болып сайланады,»-деді өз баяндамасында Сауран Қалиев.
Конференцияда тұрартанушы, әдебиеттанушы, тарихшы ғалымдар мен қатар, орта мектеп мұғалімдері де белсене қатысып, Тұрардай ұлы тұлға шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.