Байзақ ауданында түлектерге кәсіби бағдар беру шарасы өтті
Бүгін Сарыкемер ауылындағы Аудандық мәдениет үйінде мектеп түлектері мен жоғары сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру шарасы ұйымдастырылды. Оған ауданның әр мектебінен 350-ге жуық оқушы мен ұстаз қатысты.
Шара барысында алдымен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті туралы арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді. Оқушылар оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен студенттер үшін жасалып жатқан мүмкіндіктерді экраннан тамашалады.
Жиында университет ректоры Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, оқу орнының заманауи бағдарламалары мен түлектерді қолдауға бағытталған бастамалар жайында айтып өтті. Оның шабытқа толы сөздері оқушыларды болашаққа нық қадам жасауға жігерлендірді.
Іс-шара аясында университеттің өнерлі жастары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Шараның әсерлі сәті – Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталып, көрермендер ерекше рухтанып, қол соғып қошемет көрсетті.
Шара соңында оқушыларға университет туралы мағлұмат беретін ақпараттық брошюралар таратылды. Бұл күн мектеп түлектерінің мамандық таңдауға деген сенімін арттырғаны сөзсіз.