«Белсенді жас – қоғамның қозғаушы күші» семинары өтті
Бүгін Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Белсенді жас – қоғамның қозғаушы күші» атты семинар өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жастарды қоғамдық өмірге белсенді қатысуға шақырып, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға үлес қосу.
Семинарға «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ елшісі Азамат Нәмелбек, «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ерғали Әбуғали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Айбек Ажибаев және университеттің комплаенс-офицері Орынқыз Жолдасова қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Орынқыз Жолдасова жастардың әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтты:– Қазіргі қоғамда жастардың белсенділігі аса маңызды. Біз жастарды өз ортасында көшбасшы болуға, әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге шақыруымыз керек. Олардың идеялары мен энергиясы – қоғамды алға жылжытатын басты күш, -деп атап өтті.
Семинар барысында қатысушылар волонтерлік қызметтің маңыздылығын талқылап, оны дамыту жолдары туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, қоғамның түрлі салаларындағы мәселелерді шешуде жастардың алатын орны ерекше екенін атап өтті.
Семинар соңында қатысушылар сұрақ-жауап сессиясына қатысып, өз ұсыныстарын білдірді. Іс-шараның қорытындысы бойынша, жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған жаңа жобалар әзірлеу қажеттілігі айтылды.
Шерхан Мұртаза университеті алдағы уақытта да осындай маңызды іс-шараларды өткізіп, қоғамның дамуына үлес қосатын жастарды қолдауды жалғастырады.