COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Адрес

г. Тараз, ул. Желтоксан, 69Б

Контактный Телефон

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Время работы

Пнд - Птн: 09.00 - 18.00

SHERKHAN MURTAZA
UNIVERSITY

Главная / Медиа / Новости / ТОРЕ ЯНСОННЫҢ «ТІЛ ТАРИХЫНА КІРІСПЕ» ОҚУЛЫҒЫ

ТОРЕ ЯНСОННЫҢ «ТІЛ ТАРИХЫНА КІРІСПЕ» ОҚУЛЫҒЫ

(«100 жаңа оқулық» жобасы аясында)

 «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандығының студенттеріне Гуманитарлық сала бойынша аударылған «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген  кітаптың бірі – «Тіл тарихына кіріспе» (The History of Languages: An Introduction) кітабының таныстырылымы өткізілді.Торе Янсонның бұл еңбегінде тілдердің тарихына, олардың өткені мен болашағына қатысты көптеген қызықты деректер келтірілген. 

  

Автор әлемдегі барлық тілдің негізгі қасиеттері бірдей екенін айтады. Тек әр тілдің өзіне тән дыбыстар топтамасы болады. Дегенмен, бөлшектеп қарасақ, тілдердің бір-бірінен айырмашылығы өте көп екеніне де тоқталады. «Белгілі бір тілді үйрену барлық жағынан қиын деп айту шындыққа жатпайды. Мәселен, ағылшын тілінде дауысты дыбыстар мен дифтонгілер өте көп, ал испан тілінде бес-ақ негізгі дауысты дыбыс бар. Есесіне, испан тіліндегі етістіктердің түрі ағылшын тіліндегі етістіктерден анағұрлым көп. Бұл екі тілдің қиындығын немесе «дамуын» бағамдамақ болған адам дауысты дыбыстарды үйрену қиын ба, әлде етістіктердің сандаған түрін үйрену қиын ба, сол жағын анықтап алу керек. Бұл екі тіл де өте күрделі және оларды өте жақсы үйрену оңайға соқпайды» - дейді Т.Янсон.

Янсонның кітабы 17 тараудан тұрады. Бір тарауы тұтастай тілдік топтарға арналған. Соның ішінде Герман, славян және роман тілдеріне, Үндіеуропа тобындағы тілдерге, Банту және басқа да тілдік топтарға жататын тілдерге кеңінен тоқталады. Олардың қалыптасу жолы туралы, ұқсастығы мен айырмашылығы жөнінде баяндайды.

«Ағылшын тіліндегі bread деген сөзге немістің brot сөзі сәйкес келеді. Ағылшын тіліндегі son-ға неміс тіліндегі sohn, швед тіліндегі – son, ал итальян тіліндегі figlio сөзі сәйкес. Екі жағдайда да ағылшын, неміс және швед сөздері өте ұқсас, бірақ итальян сөздері мүлде басқа. Бұл кездейсоқтық емес. Ағылшын, неміс және швед тілдері көп жағынан ұқсас, итальян тілі олардың бәрінен өзгеше» дейді автор. Әрі қарай ойын былайша сабақтайды: «Кей тілдердің бір-біріне ұқсас жерлері өте көп, ал кей тілдердің айырмашылығы көп. Тілдер үнемі өзгеріп отырады. Тілдері ортақ топ оқшауланып, бөлініп кетуі мүмкін. Біраз уақыт өткен соң, әр топтың ішіндегі тәуелсіз өзгерістерге байланысты олар мүлде басқа тілде сөйлейтін халықтар болып шыға келеді. Бірақ тілдер бір-біріне әсер де етеді. Әртүрлі тілде сөйлейтін адамдар тобы бір-бірімен ұзақ қатынас жасаса, олардың тілдері кей жағынан бір-біріне ұқсай бастайды. Олар бір-бірінен алдымен жекелеген сөздерді алады, сосын уақыты келгенде өзге де өзгерістер болады. Бұл өзгерістердің қаншалықты үлкен болатыны, қай тіл өзгеріске көбірек ұшырайтыны топтардың арасындағы қатынас түрлеріне және олардың билік пен әлеуетке қаншалықты ие екеніне­ байланысты. Яғни тілдердің өзгеруі тарихқа байланысты».

Автор иероглифтер, олардың ұқсастығы мен айырмашылығы жөнінде де қызықты зерттеу нәтижелерін келтіреді. Қытай және мысыр тілдеріне кеңінен тоқталады. Тілдік экспансияларға жеке тарау арнайды. Соның ішінде гректердің біраз аумақты жаулап алып, мәдениетін сіңіруі туралы айтады. «Грек алфавиті ағылшын тілі қолданып жүрген латын алфавитіне өте ұқсас. Шынын айтсақ, латын алфавиті грек алфавитінің негізінде жасалған, ұқсастықтары бірден байқалады» дейді Торе Янсон. Латын тілі туралы айтқанда, бұл тілдегі мәтіндердің біздің заманымызға дейінгі 600-жылдар төңірегіндегі бірнеше жазба жәдігерде кездескенін айтады. Дегенмен, Италияда сол кездің өзінде латын тілінің ғана емес, басқа да тілдердің жазуы болған екен. Қазір барлық жерден кездестіретін, тіпті өз еліміз де өтуді бастаған латын графикасы туралы тарау қызықты әрі түсінікті тілмен баяндалған. Араб тілі, Тілдер мен ұлттар туралы тараулар да қызықты мәліметтерге бай.
Автор бұл еңбегінде тілдердің қалай пайда болып, қалай жоғалатынын айтып қана қоймай, болашағы жоқ тілдерге де тоқталады. Кітап негізінен лингвистика және тарих факультеттерінің студенттері мен оқушыларына арналғанымен, тілші ғалымдарға, тілдердің тарихына қызығатын көпшілікке де қызықты деуге болады.

 

Кембаева Айнұр,  

«Шерхантану және рухани жаңғыру»  ҒЗО директоры