COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Address

Taraz, Zheltoksan STR., 69b

Contact Phone Number

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Operating time

Monday-Friday: 09.00-18.00

SHERKHAN MURTAZA
UNIVERSITY

Home / MEDIA / Announcements / шұғыла газетіне мақала

шұғыла газетіне мақала

АБАЙДЫҢ «КИТАБ-УН ТАСДИҚ» ЕҢБЕГІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ РУХАНИЯТ

Хәкім Абай – қазақ тарихындағы ерекше феномен екені рас. Қай бір ғылыми һәм қоғамдық салалар тұрғысынан алып қарасақ та, барлығы Абайдың шығармашылығында ерекше көзқараспен баяндалады. Абай Құнанбайұлының мұрасын зерттеуші-ғалым М.О.Әуезов «38-қара сөз» деген атаумен Абайдың ғақлияларының арасына қосқан еңбек, негізінен, «Китаб-ун Тасдиқ» («Алланы растау кітабы» – С.О.) деп аталатын жеке өз алдына бөлек еңбек екені ғылымда дәлелденіп, қазіргі таңда жеке еңбек ретінде қарастырыла бастаған аян. Бұл қара сөзінде Абай қазақтың дін туралы түсінігі мен ұстанымын, ұлттық руханиятын тілге тиек етеді. Діни тақырыпты қозғай отырып, ақын сыншыл адамның талаптарын алдыңғы орынға қояды.
«Китаб-ун тасдиқ» еңбегінің мәні мен мағынасын пайымдау, қазіргі таңда қоғамның әр мүшесі үшін пайдалы деп ойлаймын. Себебі қоғамда қазір ислам діні ең маңызды мәселе. Оларды білу, түсіну пайымдау қоғамның, мемлекеттің құтын асырады.
Абайдың әрбір қара сөздері жалпы халықтың, қалын жұрттың ойын білдіріп, келешек ұрпаққа, замана жастарына дұрыс жол көрсету мақсатында жазылған. «Ей, жүрегімнің қуаты перзентілерім!» еңбектің бастамасынын өзінен-ақ болашақ ұрпаққа деген үлкен сезіммен, үлкен сүйіспеншілік, үмітпен бастап тұр. Бұнда Абай аяттар мен хадистерден үзінділер келтіріп, жаңа бір стильде ой қозғайды. Осы стиль арқылы діни тақырыптың мазмұнын аша түсуге тиімді тәсіл болды. Бұл қара сөзде діни мәселелермен адам баласының тәрбиесіне тоқталған.
Әуелі еңбекте басында баланың тәрбиелігіне, мінезіне тоқталсақ. Бала туыла салып, адам болмайды, өзі оқу мен ғылымға бейімделіп кетпейді, оны алдаумен яки зорлықпен үйрету қажет деген. Кейін бала талпыныс жасаса, ары қарай оның туысы, құрбысы, ата анасы, ұстазы ғылым мен білімге, Алланы, дүниені, өзін тануға деген талпынысын арттырады. Ал егер бала сол жолдан сүрінсе ол бала адам емес, қиянатшыл болады. Қиянат, жауапсыздық яғни ақиқат пен растықтың дұшпаны. Қайнар көзінен қателік кетсе оны қалпына келтіру қиын деседі.
Абай – шынайы мұсылман, Алла Тағалаға иман келтірген жан екеніне ешқандай дау жоқ екені белгілі. Аталмыш қара сөзінде дін мен жаратылыс, адам мен Алла категорияларын өз түсінігімен түсіндіріп береді. Адамның жақсы қасиеттерін танытуға тырысады. Адам баласының жақсы болып қалыптасуына себеп боларлық барлық қасиеттерді діни негіздерге байланыстырып қарастырады. Адам баласының дүние есігін ашқаннан бастап, дүние есігін жапқандағы аралық өміріндегі қателіктері мен кемшіліктерін де көрсетіп, басып та айтады.
Алла тағала жолы – ол ақиқат пен растықтың жолы. Әлемді тану Аллаға деген ғашықтық, ынтықтық. Ал мал, мақтан, құрмет жолы нағыз адамды жоғалтады. Алла жолын тану үшін ең алдымен Иман дегеніміз не екенін түсіну керек. Иман – Алла тағаланың бірлігіне, құранның оның сөзі екендігіне, пайғамбарларымыз тарапын білу керек және біз Алла тағалаға иман келтіремізбе әлде өзіміз үшін иман келтіремізбе осы сұраққа толық жауап алуымыз қажет. «Ол – рахмет сипаты, сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да, алла тағаланың Рахман, Рахим, Ғафур, Уадуд, Хафиз, Сәттар, Раззақ, Нафиғ, Уәкил, Латиф деген есімдеріне бинаһи бір ұлығ сипатынан хиссаптауға жарайды. Бұл сөзіме нақлия дәлелім – жоғарыдағы жазылған алла тағаланың есімдері. Ғақлия дәлелім құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бір пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатұғын ақылды инсанды жаратыпты.» Алланың сипаттарын айтқанда, Алла Сүбһан уа Тағаланың мына сөзідерін ескере отырсақ болады:
 «Қастерлі Раббың олардың сипаттағандарынан пәк.» (180) Саффат сүресі.
«Жаратушы біреу, жарата алмайтын біреумен тең бе?»  (16:17).
«Ол – қалағанын бұлжытпай істеуші» (85:16).
Төменде Алланың  сипаттары мен адам бойындағы «зәредей» өлшеулі сипаттардың салыстырмасы берілген.
Хаят – Өмір.
«Алла, Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы, Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән»  (2:255)
«Ол тірі Алладан басқа ешбір тәңір жоқ». (40:65)
Аллаға міндетті түрде өмір тән. Әлемнің болуы – бізге осы әлемді жасаған Тірі Жаратушының бар екендігінің дәлелі.
Өлім Аллаға тән емес, өйткені өлімді Өзі жаратқан. «Сондай еш өлмейтін тірі Аллаға тәуекел ет» (25:58).
Алла тағала - өлшеусіз. «Ғалам Алла тағаланың ішінде», – дей отырып, өзінің бір шумағында былай дейді:
«Мекен берген халық қылған Ол Лә мәкан,
Түп иесін көксемей бола А екен?
Және оған қайтпақсың оны ойламай,
Басқа мақсат ақылға тола А екен?!»
Лә мәкән - Мекенсіз, яғни Алла адамды жаратып мекен бергенімен Өзі мекенсіз екенін айтып отыр. Адам мен хайуанның айырмашылығы осында. Адам құлшылық етеді.
Алламның құдіреттілгі шексіз ғой оны мына бір жолдардан байқасақ болады: «Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззаттанғандай қылып, ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстінен тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе? Ақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-бәйшешектерді, ағаш-жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәбатәттәрді өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен.». Бұның бәрі адамға таусылмас қазына ғой. Құдай тағала бұл әлемді адам баласы өссін өнсін деп барлық шеберлігімен жаратқан. Міне осыдан адамға деген сүйіспеншілік көрінеді емеспе?
Алла тағала жолы деген шексіз болады. Оның шексіздігіне ешкім жетпейді. Айтып отқан ғылым, махаббат, иман жолына түссе, қадам басса, ол таза мұсылман, толық адам делінген.
Бұл еңбегінде иман, ислам жайлы, Алла тағаланың құдіреттілігі жайлы сұрақтарға жауап ала алдық. Тағы бір сұраққа жауап ала аламыз: «Абай қандай қазақты көргісі келді?» Абай шығармаларына қарап отсақ, еріншектік, арсыздық, өтірік, мақтаншақтық жайлы сынап отырып, айналып келгенде елді толық адам болуға шақырады. Толық адам болу жолын көрсетеді, адал бол, адам бол дейді. Абай иманды, кәсіби, ғалым, білімді қазақты көргісі келген. Абай жай ғана оны қалаған жоқ, оның жолын да көрсетеді.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті,
«Шетел тілдері» кафедрасының оқытушысы
ОЛЖАС САРЖАЕВ