«ӨМІРГЕ ҚҰШТАРМЫН!» ХТИИ-да ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА БАСТАУ АЛДЫ
2022 жылдың мамыр айының 5 күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Инклюзивті қоғам құру» бағытын іске асыру және Балалар жылына орай Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхантану және Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Инклюзивті білім беру және психологиялық қолдау көрсету» орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп отырған «Өмірге құштармын!» атты әлеуметтік жобасының негізінде өткізілген байқаудың ашылуы мен іріктеу кезеңі өтті.
Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандар - қоғам өмірінен қалыс қалатын, қалтарыста қалатын топ емес. Олар - біздің бір бөлшегіміз, тағдыр таразының сынағына салынған жандар.
Жобаның мақсаты - еліміздің көптеген аймақтарында, соның ішінде Жамбыл облысының шалғай аудандарында мүмкіндігі шектеулі дарынды жастардың бар екендігі аян. Байқаудың негізгі талабы - Жамбыл облысындағы 7-25 жас аралығындағы кез келген мүмкіндігі шектеулі өнерлі балаларды студенттер «кейіпкері» ретінде ала отырып, бірлесе жұмыс жасайды. Бұл жоба - мүмкіндігі шектеулі балалар арасында шығармашылықты дамыту мен шалғайдағы елді мекендерде шығармашылық ортаны қалыптастыру мақсатындағы студенттердің жетекшілігімен жүзеге асады.
Жобаның демеушісі – Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Ерболат Байұзақұлы Саурықов.
Байқауға әділқазылар алқасының төрағасы ретінде Жамбыл облысы «Рухани жаңғыру» жобалық офисі КММ-нің басшысы Нұрақбаев Ринат Даниярұлы; алқа мүшелері - «Жамбыл облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі әлеуметтік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары Султашева Дана Спандиярқызы; Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Тәрбие жұмыстары және саналы ұрпақ» бөлімінің бастығы Нуркина Роза Назарқызы; Халықаралық Тараз инновациялық институтының Кәсіподақ төрайымы Алимкулова Шырын Исламбекқызы шақырылып, төрелігін жасады.
Байқаудың бірінші кезеңіне барлығы 19 студент өздерінің «кейіпкерлерімен», яғни мүмкіндігі шектеулі жандарымен қатысты. Байқау талаптарын орындап, үздік деп танылған 10 жұмыс екінші кезеңге жолдама алды.
Жобаны өткізу барысында жастардың бойында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында азаматтық-патриоттық позиция ұстануына әсер ете отырып, студенттерді қайырымдылық жасауға тәрбиелеу жұмыстары дұрыс жолға қойылды.
Байқау соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен диплом, алғыс хаттар берілді.
Екінші кезеңге өткен үміткерлерге «сәттілік серік болсын» деген тілек айтылып, бірінші іріктеу кезеңі өзінің мәресіне жетті.
«Шерхантану және Рухани жаңғыру» ҒЗО директоры Айнұр Кембаева