«VІІ Шерхан оқулары» байқауының қалалық кезеңі өтті
Бүгін, яғни 22 қыркүйек күні Халықаралық Тараз инновациялық институты «Шерхантану және Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтіп жүрген республикалық «VІІ Шерхан оқулары» байқауының қалалық кезеңі өтті.
Алғашқы сөз кезегін алған орталық директоры Тамабаева Қарагөз: «Шындықтың шырақшысы, ақиқаттың алдаспаны, халқының қалаулысы Шерхан Мұртазаны насихаттау жұмыстарын бұл орталық 2009 жылдан бері жүргізіп отыр. Институт президенті, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА «Құрметті мүшесі» Ерболат Саурыков жанашырлығымен жұмыс жүргізіп отырған орталық қазіргі таңда үлкен жетістіктерге жетіп, біраз белестерді бағындыруда. Атап айтқанда, орталықтың бастамасымен Шерхантану курсы облысымыздағы көптеген мектептерде оқытыла бастады. Бірнеше монографиялар, оқулықтар, оқу құралдары жарыққа шығып, қалың жұртшылыққа тарап жатқан жайы бар. «Шерхан оқулары» байқауының нәтижесі бойынша «Шерхан гранты», «Шерхан стипендиясы» тағайындалып, студенттердің төлемақысына жеңілдіктер жасалуда. Мұның өзі ата-ана үшін үлкен қаржылай көмек екендігін атап өтуіміз қажет. Орталық жұмысының халықаралық деңгейге көтеріліп жатқанын, Лондондағы Айтматов академиясымен, Стамбулдағы Фараби орталығымен жұмыс жоспары жасалып, үлкен шығармашылық мақсаттардың тұрғандығын баса айтты.
Байқау төрт бағыт бойынша белгілінген аудиторияларда өтіп, әділқазылар алқасының төрелігімен өз мәресіне жетті. Байқау бағыттары бойынша 1-2 орын алған оқушылар облыстық кезеңге жолдама алды.
Қазақ руханиятының, тәуелсіз еліміздің діңгегін ұстар Шерхан сынды тұлғалардың қалыптасуына өзіндік серпін беретін, ықпал ететін байқаудың қалалық кезеңі осылайша мәресіне жетті.
Өз кезегінде институт ректоры Марат Баяндин орталықтың ашылу, даму тарихына шолу жасап, жеңіске жеткен оқушыларды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
«Имидждік жұмыс және қоғаммен байланыс» секторы