Ұлтын ұлықтаған-ұлы тұлға
Халықаралық Тараз инновациялық институты 2022 жылы 29-ші қыркүйек күні сағат 14.00-де Ақпараттық-кітапханалық орталығы №2 оқу залында Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойына орай «Ұлтын ұлықтаған-ұлы тұлға» атты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шара мақсаты-қазақ халқының «рухани көсемі» Ахмет Байтұрсыновтың ақындық, ағартушылық, ғалымдық қасиеттерін шәкірт жүрегіне ұялату. Сол арқылы тілді, әдебиетті сүю, оны бағалай білуге ұғындыру. Ақын шығармаларын оқыту арқылы ұлтжандылық сезімін оятып, кітапқа деген құрметін арттыру.
Іс-шара барысында Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығына байланысты бейнетарих көрсетілді.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» 22-1 тобының студенттері қазақтың біртуар ақыны, түркі танушы - ғалым ақынның өз ана тіліміздің, ұлтымыздың сақталуына шақырған тіл туралы өлеңдерін, нақыл сөздерін жатқа оқыды. Оның әдебиет тарихы жөнінде жазған «Әдебиет танытқыш» атты көлемді еңбегі- қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан зор үлесінің бірі екендігі жайлы айтылды.
Ақын аударма жасау саласында Крылов мысалдарын аударып, «Қырық мысал» деген атпен кітабын жарыққа шығарған. Мысалдар арқылы сол замандағы патша отаршылдарының әділетсіздігі мен зорлық-зомбылығы тұспалдап жеткізіледі. Мысал өлеңдерден үзінділер оқылды.
Білімгерлердің білім-танымын арттыру мақсатында ақынның шығармашылығына қатысты ойын ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында сөз алған «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы Меңдібай Әбілұлы Әбілов Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылығына тоқтала келіп, қазақ әліпбиі, ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылатынын және ол XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ тіл білімінің ірге тасын қалаған алғашқы ғалым екендігі жайында сөз қозғап, өз пікірін білдірді.