COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Address

Taraz, Zheltoksan STR., 69b

Contact Phone Number

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Operating time

Monday-Friday: 09.00-18.00

INTERNATIONAL TARAZ INNOVATIVE
INSTITUTE NAMED AFTER SH. MURTAZA

Home / MEDIA / News / АҚЫНЫН ҚҰРМЕТТЕГЕН ОЗАДЫ

АҚЫНЫН ҚҰРМЕТТЕГЕН ОЗАДЫ

Наурыз айының 15 күні Халықаралық Тараз инновациялық институты «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы және «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен «Тұлғалар алаңы» жобасының аясында «Жан-дүнием – бағым ешкім араламаған» атты қазақ поэзиясының жауһары, әнші-сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Қыранқызы Битеновамен кездесу кеші өтті.
Қат-қабат тірлігіне қарамастан өлеңге адалдығын – өмірге адалдық деп түсінген қаламгер қыздардың еңбегі айрықша айтылса артықтық етпейді. Үміт Қыранқызы да қазақ поэзиясында өз аты, өзіндік қолтаңбасы бар ақындардың бірі. Қазіргі таңда бірегейі десек те болады.

Кездесу барысында Үміт Қыранқызы поэзия әлемі жайындағы толғаныстарын, ақындық өмірдің қызығы мен машақатын, жас ақындарға деген өзіндік көзқарасы мен қоғамдағы түйіткілді мәселелерге байланысты орамды пікірлерімен бөлісті. Шабытты жырларын оқып, студенттерге үлкен серпіліс сыйлады. «Біреудің бағы тілінде, біреудің бағы уысында», - демекші Үміт апайдың басына бақ болып дарыған поэзия құдыреті студенттерді қанаттандырып, рух беріп, поэзия әлеміне жетелеп отырды.

Ол өмір жолын өнер жолымен ұштастыра білді. Өз елінің намысын ту қып ұстаған, шоқтығы биік сөз өнерінің алаңында, дүбірлі додаларда өз туған жерінің абыройын асқақтатқан ақынның өмір жолына сапар шеккен студенттер көкейіндегі сауалдарын қойып, әсерлі жауаптарын алды.

Поэзия тек қана ішкі дүние ғана емес, адам жанының алаулаған жалыны. Ұлы Аристотель айтқандай поэзия тарихтан да, тіпті философиядан да жоғары екенін мойындайды. Ақын - өнер иесі, халықтың көркемдік талғамын қалыптастырып, жалғастыратын сөз шебері. Бұл жүкті көтеру оңай емес, әсіресе қыз баласына. Осындай жүкті арқалап жүрген поэзия жауһарына ұйымдастырушылар мен студенттер үлкен алғыс білдіріп, институт президенті Е.Б.Саурықовтың атынан естелік сыйын табыс етті.

«Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады» деген екен, ақындарымызға қалай құрмет көрсетсек те артықшылық етпейді. «Бізді сусындатар сарқылмас мәңгі жырларыңыздың алдында басымызды иеміз. Жыр әлеміндегі туындыларыңыз ешқашан сарқылмасын. Сүйіп тыңдар оқырмандарыңыз көп болсын», - деп студенттер ізгі ниетін білдіріп, рухани кештен үлкен әсер алғандарын атап өтті.