Меңдібай Әбілұлы және «Сұр жебе» роман-эпопеясының жазылу тарихы
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Менеджмент академиясының (Павлодар) профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Әбілов Меңдібай Әбілұлының «М.Әбілұлы және «Сұр жебе» роман-эпопеясының жазылу тарихы» атты облыстық ғылыми-әдістемелік семинары өтті.
Ғылыми-әдістемелік семинардың басты мақсаты – өскелең ұрпақтарды ежелгі сақ, ғұн дәуірлерінің тұрмыс-тіршілігі, туған жерді сыртқы басқыншылардан қорғаудағы ерлік істерімен таныстыру, халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерін насихаттау.
Сақ дәуірінің тарихи тұлғалары Тарғытай патша, Алып Ішбақай, Алып Ер Тұңға, Зарина ханым мен Тұмар патшайым, Шырақ батырдың бейнелері арқылы жастарды отаншылдыққа, патриоттық рухта тәрбиелеу.
Облыстық ғылыми-әдістемелік семинарда «Сұр жебе» кітабының тұсаукесері өтіп, арнайы шақырылған қонақтардың баяндамалары тыңдалды. Шара "Шабыттық шақ" деп аталған оқушылардың шығармашылығына арналған бөліммен жалғасты.
Жамбыл облысы бойынша ғылыми-әдістемелік семинарға қатысқан мектеп мұғалімдері тың баяндамалар жасап, өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды. Мектеп оқушылары «Сұр жебе» роман-эпопеясы бойынша мәтіндерді жатқа оқып, «Қызғалдақ майы» қойылымынан үзінділер көрсетті.
Облыстық ғылыми-әдістемелік семинарға қатысқан баяндамашылар мен мектеп оқушылары дипломдармен, М.Әбілұлының қыл қаламынан туған кітаптар тарту етілді.