COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Address

Taraz, Zheltoksan STR., 69b

Contact Phone Number

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Operating time

Monday-Friday: 09.00-18.00

INTERNATIONAL TARAZ
INNOVATIVE INSTITUTE
NAMED AFTER SH. MURTAZA

Home / MEDIA / News / Ректорлық білім беру гранттары

Ректорлық білім беру гранттары

Ағымдағы жылдың 26 ақпаны мен 1 наурыз аралығында Тараз қаласында, Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы өз мәресіне жетті.

Конкурс халықаралық тәжірибеге сәйкес ашық көрме форматында барлық санитарлық, медициналық, өрт қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп нормалары сақтала отырып өткізілді.

Ауқымды іс-шараға Жамбыл облысы Әкімдігі мен облыстық Білім басқармасының өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, сондай-ақ бизнес қауымдастығы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысты. Аталған өкілдердің қатысуы шараға ерекше мәртебе беріп, жастардың ғылыми әлеуетіне қоғамдық таным мен қолдау көрсетті.

Конкурстың салтанатты жабылу рәсімінде Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев сөз сөйледі.

«Тағылымы терең, өнегесі өршіл, өрісі кең Тараз жеріне қош келдіңіздер! Өздеріңіз табан тіреп отырған Жамбыл өңірі тарихтың талай құндылықтарын, руханияттың баға жетпес мұраларын айшықтап, паш етіп келеді. Ұлтқа еңбек етудің тамаша дәстүрін өрістетуге ниет білдірген, осы ниет арқылы бүгінгі шараға – білімпаздар жарысына қатысу - үлкен мәртебе, зор бақыт. Құрметті жас дарындар, сіздер осындай тамаша, тағылымды мүмкіндікке ие болдыңыздар!» - деді өз құттықтауында мәслихат басшысы.

Қазылар алқасының шешімімен 509 оқушы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталды. Оның ішінде І дәрежелі дипломмен – 65, ІІ дәрежелі дипломмен – 124, ІІІ дәрежелі дипломмен – 192, сондай-ақ ерекше жетістіктері үшін берілген грамотамен – 128 марапатталды.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев қатысушыларды конкурстың сәтті аяқталуымен құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады.

«Құрметті оқушылар, тәуелсіз еліміздің болашағы – білімді ұрпақ. Сондықтан мемлекетіміз білім беру саласын дамытуға әрқашан үлкен көңіл бөліп, қамқорлық жасап отырады. Оған сіздердің білім, ғылым жолындағы алғашқы табыстарыңыз дәлел бола алады. Әрине, бұл – ең алдымен үлкен ізденіс пен еңбектің нәтижесі. Сондықтан, сіздерді осындай деңгейге жеткізіп, тәрбиелеген ата-аналарыңызға, ұлағатты ұстаздарыңызға зор алғысымды білдіремін.

Бүгін, осы залда 867 оқушы отыр. Олар 19 секция бойынша 679 жоба қорғады (оның ішінде ауылдық жерден 62 оқушы). Барлықтарыңызды бүгінгі білім мен интеллект мерекесімен, жеңістеріңізбен құттықтаймын!

— Биыл Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлының тікелей бастамасымен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өтті. Оның бірінші кезеңінде 75 000 жуық оқушы жарысса, республикалық кезеңге 740 оқушы қатысты. Бүгінгі күні олар «Дарын» сырттай олимпиадалық мектебінде білім алуда. Сондай-ақ, 65-і наурыз айында өтетін жалпы білім беретін республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне жолдама алды. Ол шешімнің негізгі мақсаты – ауыл мен қала оқушыларының арасындағы алшақтықты теңестіру. Республикалық ғылыми жобалар сайысында да ауыл оқушыларының саны көбейеді, деген ниеттемін.

Жас достар! Сіздердің келешектеріңіз жарқын, білімдеріңіз кемел, ақыл-ойларыңыз кемеңгер болсын! Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!» - деді төраға.

Сонымен қатар, конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне республиканың жетекші ЖОО-ның 44 ректорлық білім гранттары табысталды: Торайғыров университеті (2), Халықаралық Астана университеті (7), Шәкәрім университеті (5), Алматы Менеджмент Университеті (5), Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті (5), М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті (6), Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты (10), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті (5).

«Байқауға қатысушылардың әрқайсысына оқуда да, өмірде де жаңа жетістіктер тілеймін. Сәттілік пен табыс серік болсын!» – дейді республикалық ғылыми жобалар конкурсы қазылар алқасының төрағасы Ахан Бекманұлы Әбжәлелов.

Айта кететін тағы бір жайт, конкурстың жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша ең үздік жобалары АҚШ-та өтетін Regeneron ISEF-2024 Дүниежүзілік Ғылым және техника көрмесіне Қазақстанның атынан қатысады, онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген 3500-ден астам оқушылардың зерттеу жобаларының ең үздік өнертабыстары ұсынылады.