Шерхан Мұртаза университетінің студенті «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын жеңіп алды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңір жастарына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттады. Осы мәртебелі байқауда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 3-курс студенті Азамат Намелбек үздік шығып, 1 млн теңге грант иегері атанды.
Азаматтың «KOMEK AI» атты жобасы қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді жасанды интеллект көмегімен шешуге бағытталған инновациялық идея ретінде бағаланды. Бұл жеңіс студенттің креативті ойлау қабілеті мен табандылығының нәтижесі.
Ербол Қарашөкеев марапаттау рәсімінде:
“Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты әрқайсысы 1 млн теңгеден 10 номинация бойынша табысталып отыр. Бұл жоба жастардың ғылыми, мәдени, бизнес және ақпараттық технологиялар саласындағы бастамаларын қолдауға бағытталған. 2023 жылы 500 мың теңгеден 15 грант берілген еді. Биыл гранттың көлемі мен қамтылатын бағыттары кеңейтілді. Осы арқылы жастарға өз идеяларын іске асыруға тың мүмкіндік беріліп отыр. Жамбыл облысының 85 жылдығын абыроймен атап өтуде жастардың белсенділігі мен қосқан үлесі айрықша маңызды. Әсіресе, ерікті жастарға ерекше алғысымды білдіремін” – деп, жастардың ел дамуына қосып жатқан үлесін атап өтті.
Азаматтың жеңісі – Шерхан Мұртаза университеті үшін үлкен мақтаныш. Оның жеңісі жастардың жаңашылдыққа, ғылым мен технологияларға деген қызығушылығын арттырып, жаңа жетістіктерге жетуге талпындыруда.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жастардың жаңашыл бастамалары мен шығармашылық идеяларына қолдау көрсетіп, олардың қоғамның дамуына қосатын үлесін арттыруға ықпал етеді. Азаматтың бұл жетістігі жастардың білім, ғылым және технология саласында биік белестерге ұмтылуының жарқын үлгісі.