Шерхан Мұртаза және Санжы университеттері бірлескен жобаларды бастады
2024 жылдың 17-21 желтоқсан аралығында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің президенті Нұржан Муслимов бастаған делегация Қытайдың Санжы университетінде (Changji University) ресми іс-сапарда болды.
Кездесуді Санжы университетінің партия комитетінің хатшысы Луо Сюй (Luo Xu) ашып, Қытай мен Қазақстан арасындағы білім беру ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. Кездесуге университетіміздің президенті Нұржан Муслимов, Стратегия, ғылым-инновация және сыртқы байланыс жөніндегі проректор Арман Құдайбергенов, Академиялық жұмыстар жөніндегі проректор Ақмарал Қадырова қатысты. Нұржан мырза университетіміздің Санжы университетімен академиялық ұтқырлық бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми зерттеулер аясын кеңейту және оқу бағдарламаларын жетілдіру бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Ал, проректор Ақмарал Қадырова академиялық бағыттар бойынша Санжы университетінің аталған бағыттарға жауапты лауазым иелерімен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ, Арман Құдайбергенов мырза студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламалары, бірлескен ғылыми зерттеулер және оқу жүйесіндегі инновациялар бойынша нақты келісімдерге қол жеткізді. Нәтижесінде, 2025 жылдың алғашқы айларынан бастап университетімізге Санжы университетінен екі профессор-оқытушы дәріс оқуға шақыртылды. Екі университет арасындағы студент алмасу бағдарламалары әрі қарай да өз жалғасын табатын болды. Кездесу барысында тараптар академиялық ұтқырлық, кадрларды даярлау және ғылымдағы инновациялар бойынша өзара пікір алмасып, “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін жұмыстар жасауға келісті.