Шерхан университетінің студенті Әлем кубогының чемпионы атанды
2025 жылдың 5-9 наурызы аралығында Италияның Лидо-де-Езоло қаласында өткен кикбоксингтен Әлем кубогында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенті Бейбарыс Кенжетай жеңімпаз атанды.
Бұл жарысқа әлемнің 46 мемлекетінен 429 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсекеде Дене шынықтыру 23-9 тобының студенті Бейбарыс Кенжетай жоғары деңгейде өнер көрсетіп, 1-орынды иеленді. Оның жеңісі – табанды еңбектің, тынымсыз дайындықтың және қайсарлықтың жемісі.
Сондай-ақ, біздің университеттің магистранты Мақсат Үсіп пен түлегіміз Дінмұхаммед Баймұратов та жоғары нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленді. Олардың жеңісі университетіміздің даңқын арттыра түсті.
Бұл жетістіктер тек жеке жеңіс қана емес, бүкіл оқу ордамыздың мақтанышы. Шерхан университетінің ұжымы жеңімпаздарымызды құттықтай отырып, алдағы уақытта да үлкен белестерді бағындыруына тілектестік білдіреді. Барлық спортшыларымызға келесі жарыстарда сәттілік серік болсын!