COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Address

Taraz, Zheltoksan STR., 69b

Contact Phone Number

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Operating time

Monday-Friday: 09.00-18.00

INTERNATIONAL TARAZ INNOVATIVE
INSTITUTE NAMED AFTER SH. MURTAZA

Home / MEDIA / News / Шерхан Мұртазаның туған жеріне жол түсіп, жұмыс барысымен барып қайттық.

Шерхан Мұртазаның туған жеріне жол түсіп, жұмыс барысымен барып қайттық.

Талас Алатауынан Қаратауға қарай қатар-қатар көсіліп жатқан терең сайлары бар, киіздей өскен жалбыздың арасын ашып кеп қалсаң – ботаның көзіндей жәудіреп қайнар бұлақ шыға келетін, тек кәусар емес, биік поэзияға баланатын Мыңбұлақ мекеніне, өр тұлғамыз Шерхан Мұртазаның туған жеріне жол түсіп, жұмыс барысымен барып қайттық. Ананың еміренген әлдиін, туған жер табиғатының тылсым мейірін, күнделікті тұрмыс-тіршіліктің тайқымаңдай тауқыметін көп көрген, қыспақшыл да өктемшіл өмірдің зорлық салмағынан қалқалап қорған болатын әкенің қамқорлығын аз көрген, жан жаралайтын небір қаталдықтардың әрқилы сынағын бастан көп кешірген, сағы сынбаған сирек ұрпақтың өкілі Шерағаның Мыңбұлағына, киелі Талапты жеріне, туған үйіне бардық. Талаптыға кіргеннен-ақ ойымызға «Ай мен Айша» роман-дилогиясындағы Халық жазушысының өмірдеректерінен шынайы берілген эпизодтары түсіп отырды. Жазушы шығармашылығына терең бір бойлап алғандай сезімде болдық.

Жамбыл облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі мен біздер, яғни Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхантану және Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының бірлесе отырып түсіріп жатқан «Шерхан Мұртазаның мұрасы – адалдықтың жебесіндей» тақырыбындағы жалпыреспубликалық бірыңғай «адалдық сағатына» қажетті бейнематериалдар үшін жол түскен еді Талаптыға.

Аудан әкімдігінің алдынан күтіп алған Әлижан ағамыз жас балаша құрақ ұшып қарсы алды. Ағаның бет-әлпетінен Шерағаға ұқсас қырларын тапқандай да болдық. Жол бастаған Әлижан аға біздерді атпал азаматтың еңселі үйіне әкелді. Көліктен түскенде, өз басым толқыдым. 2011 жылдан бері «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығында қызмет жасап, жазушы өмірі мен шығармашылығын зерттеп-зерделеп, насихаттап, көзі тірісінде талай дидарласып, сұхбаттасқан болсам да, бүгінгі ағаның өз босағасына келгенім ерекше күйге бөледі. Екі қабатты үйдің ішін аралап, әр бөлмесіне кіріп, терең ойға шомып жүрдік. Екінші қабаттағы ағаның кітапханасына ендік. Үш қабырғаның барлығында, сөрелерде кітаптар самсап тұр. Мұнда жазушының өз еңбектері де, жинақтаған түрлі тақырыптағы кітаптары, әдебиеттері, әлем классиктерінің жинақтары тізіліп тұр.

Жоғарыда тұрған ағаның портреті көзімізге оттай басылды. Сөренің бірінде орналасқан Шерағаның бас киімдерін: шляпаларын, тақияларын қолымызға алып та көрдік.

Одан жоғарыға көтеріліп, ағаның бильярд залына бардық. Інісі Әлижан ағаның айтуы бойынша бұл бильярд столын шамамен 15 жыл бұрын танымал ағамыз Өмірбек Байгелді сыйға тартқан екен.

Далаға шығып, айналаны шолып, Әлижан ағамен суретке түсіп те үлгердік. Әлижан ағаның бойынан жас болсақ та бізге деген құрметті, ізетті байқадық. «Асылдың сынығы» деген осы шығар. Асығып тұрмыз дегенімізге қарамай, өзінің үйіне дастарханға шақырып, қонақ етті. Шерағаның ұрпақтарының босағасын аттап, Айшолпандай келінінің қолынан шай ішкенімізге дән риза болдық. Әлижан ағаға алғысымызды айтып, үлкен ойлардың жетегінде Таразға жол тарттық.

Ағамыздың үйіне еге болып, жеке заттарына жанашырлық танытып отырған ұрпақтарының бар екендігіне риза болдық. «Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін» Шерлі ағамыздың орталығында отырған менің ойыма көптеген жоспарлар, тың идеялар келіп жатқандай болды. Оларды іске асыру – уақыт еншісінде.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАРАЗ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫНЫҢ «ШЕРХАНТАНУ» ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

АЙНҰР КЕМБАЕВА