COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Address

Taraz, Zheltoksan STR., 69b

Contact Phone Number

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Operating time

Monday-Friday: 09.00-18.00

INTERNATIONAL TARAZ
INNOVATIVE INSTITUTE
NAMED AFTER SH. MURTAZA

Home / MEDIA / News / «Кітап – білім бұлағы» атты оқу көрмесі

«Кітап – білім бұлағы» атты оқу көрмесі

2021 жылдың 29 қазан күні рухани жаңғыру аясында Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының ұйымдастыруымен «Кітап – білім бұлағы» атты оқу көрмесінің тұсаукесері өтті.
«Кітап – білім бұлағы» атты оқу көрмесінің тұсаукесерінің басты мақсаты – студенттерге білімнің кітап арқылы берілетінін ұғындыру. Студенттерге кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндіру.
Рухани жаңғыру аясында өткізілген «Кітап – білім бұлағы» атты оқу көрмесін «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Пертаева Эльмира Құлибайқызы жүргізді.
Тұсаукесерге ректордың ғылым және коммерциялау жөніндегі кеңесшісі, э.ғ.д., профессор Тажибаев Серик Дүйсеналиевич, «Тәрбие жұмыстары мен саналы ұрпақ бөлімінің басшысы Нуркина Роза Назарқызы, ««Педагогика» факультетінің деканы, ф.ғ.к. Кужаева Маржан Турекуловна, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.
Адамдық творчествоның барлық көріністерінің ішіндегі ең ғажайыбы және назар аударуға тұрарлығы – бұл кітаптар. Тиыннан сомның құралатыны сияқты, білім де оқығанның түйірлерінен құралады. Цивилизацияның жалпы көрінісінде әрбір халықтың орны оның оқыған кітаптарының санымен анықталады. Олай болса, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының да ұйымдастырып отырған іс-шарасы осы арнаға бет бұрмақ.
«Кітап – білім бұлағы» атты оқу көрмесінің тұсаукесері «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 1 курс студенті Мұратов Данабек Дауылбайұлының арнау өлеңдерімен ашылды.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасында 1 ғылым докторы, 7 ғылым кандидаты, 4 аға оқытушы, 3 оқытушы жұмыс жасайды. «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасында екі ірі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарына кафедра тарапынан профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен магистранттар тартылған. 2020-2021 оқу жылында 100 жуық ғылыми мақала, оның ішінде шетел басылымдарында, импакт фактор, скопус журналдарында, 4 монография, 2 көмекші оқу құралдары, 1 оқулық жарияланған. 2 монографияға (кафедра меңгерушісі Р.А.Беркенованың «Р.Нұрғали-драматургия зерттеушісі» (2020 жылғы «28» қазан №12901), кафедра доценті Э.Қ.Пертаеваның «Дулат Бабатайұлының поэтикасы» атты монографияларына (2020 жылғы «28» қазан №12902) авторлық құқықпен қорғалатын обьектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәлігі берілді (патент).
1.Беркенова Рабиға Ағабекқызының «Р.Нұрғали-драматургия зерттеушісі» атты монографиясы ұлттық драматургияның көркемдік тарихын, теориясын зерттеуде Р.Нұрғали еңбектерінің ғылыми-әдістемелік маңызы, қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан жаңалығы нақтыланып, ғалымның зерттеу еңбектеріндегі ұлттық драматургияның генезисі, тарихы, теориясы, тәжірибесі хақындағы ойлары мен ғылыми нәтижелері алғаш рет жүйелі түрде жан-жақты қарастырылған. М.Әуезов трагедияларын алғаш рет монографиялық тұрғыдан зерттеген Р.Нұрғалидың ғылыми еңбектері жаңа көзқарас тұрғысынан қорытылып, 20-30-жылдары әдеби сында айтылған біржақты сындардың негізсіздігі дәлелденіп көрсетілген.
Монография жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарына, әдебиетші қауымға, мұғалімдерге, көпшілікке арналады.
2.Пертаева Эльмира Құлибайқызының «Дулат Бабатайұлының поэтикасы» атты монографиясында Дулат шығармашылығын толық зерттеу объектісі етіп, ақын туралы жазылған ғылыми, әдеби сын еңбектерге сүйеніп, Дулатты зар заманның өкілі ретінде таныта отырып, ақынның дара қаламгерлік, ақындық шеберлігі айқындалған. Зар заман деп аталған кезеңге, сол кездегі тарихи жағдайға тоқтала отырып, зар заман әдебиетінің өкілдері – Дулат Бабатайұлының, Шортанбай Қанайұлының, Мұрат Мөңкеұлының және т.б. әдеби мұраларын бүгінгі күннің үрдістері негізінде талдаған.
Монография жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарына, әдебиетші қауымға, мұғалімдерге, көпшілікке арналады.
2. Э.Қ.Пертаева, Р.А. Беркенованың «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы» атты оқу көмекші құралында Дулат, Махамбет, Шернияз, Шортанбай, Сүйінбай, Мұрат, Майлықожа, Базар Оңдасұлы, ал жаңа реалистік әддебиеттің дамуы Біржан сал, Сара, Ақан сері, Шәңгерей, Шоқан, Ыбырай, Абай және тағы басқа ақындардың әр алуан жанрдағы шығармашылық мұралары кең көлемде сөз етіледі.
Оқу көмекші құралы жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарына, әдебиетші қауымға, мұғалімдерге, көпшілікке арналады.
3.Әбілов Меңдібай Әбілұлының «Шабытты шақ» жыр-жинағы Шымкент қаласында 2021 жылы жарық көрді. Жинақ екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге М.Әбілұлының «Айбалта», «Алтын сандық» романдарынан үзінді, екінші бөлімге ақындар Мақсат Әлсейітовтің, Мырзабек Көпжүрсінұлының, Ерғазы Әреповтің, Марс Байжанның, Мағзым Әбдіқалиевтің поэзиялық туындылары енгізілді.
4.Саржаев Олжас Тілебалдыұлының «Ж.Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Жамбыл Жабаев: жырлар, түсініктемелер» атты еңбегі Түркия, Анкара қаласында 2021 жылы Халықаралық Түрксой ұйымы мен Еуразия Жазушылар Одағының басшылығымен жарық көрді. Саржаев Олжас – кітап ішінде бөлім авторларының бірі, кітаптағы барлық дерлік өлеңдерді түрік тіліне аударып, корректорлық жұмыстар атқарды. Құрастырушылардан арнайы алғыс сөздері жазылған. Қазақ тілінде жазылған Қазақстандық ғалымдардың да Жамбыл туралы мақалаларын түрік тіліндегі ғылыми аудармасын жасаған.
Іс-шараның екінші бағыты «Ж.Баласағұн үйірмесіне» арналды. Жетекшісі: Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ф.ғ.к. Әбілов Меңдібай Әбілұлы. Ж. Баласағұн атындағы әдеби үйірме мүшелеріне 25-ке тарта студенттер мен келісім-шарт жасалған мектептерден мектеп оқушылары қатысады.
Үйірменің басты мақсаты – әдебиетке қызығушы жас таланттардың тырнақалды туындыларын басылым бетіне жариялау, жеке жинақ етіп баспадан шығару. Тараз қаласындағы мектептерде әдеби кештер, поэзия кештерін ұйымдастыру. Біздің мақсатымыз – Ж.Баласағұн үйірмесін жандандыру.
Ж.Баласағұн үйірмесінің белсенді мүшесі, №12 мектептің 11 сынып оқушысы, «Шерхан оқуларының» 1 дәрежелі диплом иесі Саден Нұрсұлу («Мылтықсыз майдан» повесінен үзінді), «Шабытты шақ» жыр жинағынан 3 курс студенттері (Мәлік Бибінұр, Қалтұрсын Фатима, Асан Қамар, Буранова Ақбілек) үзінділер оқыды.
Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірпеовтің сөзімен айтқанда, «Кітап – дегеніміз, алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік», – деген екен.
Қорытынды сөз Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Беркенова Рабиға Ағабекқызына беріліп, қатысушыларды өткізілген іс-шарамен құттықтап, студенттерге профессор-оқытушылардың еңбектерін табыс етті.