Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры»
Жақында өткен «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінде Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығында ел болашағы білімді жастардың қолында екендігі туралы айтты.
XXI ғасыр – ғылым мен техниканың қарыштап дамыған, ақпараттар ағынының аясы кеңейген, адамзат қоғамының ең жоғарғы деңгейге жеткен, жаһандану мен дәуірлеудің алтын ғасыры. Міне, біз азат елдің жалынды жастары осындай заманда күн кешіп жатырмыз.
Санаға оралатын алғашқы сауал: "XXI ғасырдың жастары қандай болуы керек?". Тұңғыш президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың сөзімен айтсақ, "Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты". Демек, ел тұтқасын ұстар білімді, еңбекқор, бәсекеге қабілетті жасампаз жас келешектің кемел болуына алғышарт жасайды.
Адам өмір бойы ізденіс үстінде болуы шарт. Әрдайым жаңа нәрсені танып білу мен білім көкжиегін кеңейту сізді тек жетістіктерге жетелеп қана қоймай, тұлға ретінде дамуыңызға үлкен септігін тигізеді. Бірақ, "оқу инемен құдық қазғандай", - дейді дана халқымыз. Ілім іздеп, көкірек көзін ашуға тырысқан жандардың алдынан түрлі қиындықтар кездесері хақ. Немістің ұлы философтарының бірі Георг Зиммельдің айтуынша, "білімді адам – ол өзі білмейтінді қайдан табуға болатынын білетін адам".
Сонау VII ғасырда өмір сүрген, мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі Әзірет Әліні (Әли ибн Әби Талиб) ел ішінде "ілімнің қақпасы" деп атайды екен. Осы атақтың рас-өтірігін сынау мақсатында жерлестері оған он адамды кезекпен жібермекші болған. Олардың бәрі Әзірет Әліге бір ғана "Білім артық па, байлық артық па?" деген сұрақты қоятын болып келіскен. Егер осы сұраққа он түрлі жауап берсе ғана халифаны шын мойындамақ болыпты. Сонда Әзірет Әлі әр адам қойған бір сұраққа түрлі дәйектемелермен былай деп жауап берген екен:
1. Білім артық, өйткені, ол - пайғамбарлардан қалған мирас, байлық - бақылдардан қалған мұра.
2. Білім артық, білімді адамның жанында адал достар көп, ал бай адамның қасында амал достар көп.
3. Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.
4. Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Ал, байлықты жұмсай берсең, бір күні сарқылады.
5. Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.
6. Білімің көп болса ел саған қызығады, байлығың көп болса ел сені қызғанады, білімнің артықтығы осында.
7. Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.
8. Білім қанша көп болса да іріп-шіріп кетпейді, дүние-мал болса бүлінеді, сондықтан да білім артық.
9. Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді еселейді. Байлық болса, сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.
10. Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілік көрсетеді. Байлығы мол адам байлығына масаттанып мақтанады, астамшылық жасайды, сондықтан білім артық деген екен. (Мырзагелді Кемел "Абзалдық әліппесі")
Білім мен ғылымның қадір-қасиеті туралы қасиетті Құранда: "Шариғат тілінде білім сөзі – бір мәселені жан-жақты, анық-қанығына дейін жіті түсіну деген мағынаны білдіреді. Білім – ақылдылық пен парасаттылықтың белгісі. Білім - жаратылыс жұмбағын шешетін илаһи кілт. Онсыз көзіміз көр, құлағымыз саңырау, санамыз қараңғы" делінген.
Біз өмір сүріп жатқан күрделі, әрі қарама-қайшылықтарға толы бұл ғасырымызға технологиялық ғасыр, ақпараттық-коммуникациялық төңкеріс ғасыры, спутниктер, бағдарламалар және жаһандану ғасыры немесе интернет дәуірі деп әртүрлі атаулар берудеміз. Бұл дәуірдің өткен ғасырлардан мүлде ерекше екендігі айдан анық.
Бүгінгі заман жетістіктері жер шарындағы барлық адамзат баласына ортақ. Күн сайын жарық көріп жатқан таңқаларлық ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерді игеруге жеке адам қауқарсыз. Ендеше, алдымен білім, екіншіден еңбек жеке адам үшін де, мемлекет үшін де дамудың даңғыл жолы болып табылатыны түсінікті. Бұл даңғыл жолдың басы мектептен басталса, жалғасын осындай әлемдік деңгейде бәсекеге қол жеткізе алатын білімді де еңбекқор жастарды тәрбиелейтін жоғары оқу орындарында таппақ.
Білімнің құнын ертеден – ақ даналарымыз көрсетіп кеткен. Айталық, Махмұд Қашқаридай данамыз: "Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр", – десе, Шал ақын: "Білімің болса дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей", – дейді. Ал, хакім Абай он сегізінші қара сөзінде: "Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де – ақымақтық..." – деген терең ой қалдырды.
Бүгінгі қай жағынан да қарқынды дамып жатқан заманда мына нәрсені есімізден шығармағанымыз жөн. Болашақта ғылым мен білімсіз өмір жоқ. Осы ақиқатты үстіміздегі ХХІ ғасыр дәлелдей түсуде. Өнер-білімі бар, мәдениеті жоғары елдермен тереземіз тең түсу үшін біз де білімге көңіл қоюымыз қажет. Өйткені, адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін тек қана – білім. Халық даналығы да: "Жемісті ағаш жерге иіліп тұрады, білімді адам елге иіліп тұрады", – деп білімді адамның берері көп екенін айтып кеткен.
Сөз соңын Елбасымыздың "Егемен еліміздің ертеңіне тіреу, іргесіне сүйеу болатын жас ұрпақты жан-жақты білімді етіп тәрбиелеп жетілдіру басты назарда болуы тиіс" – деген ұтымды ойдан туған сөзімен аяқтай келе, еліміздің ертеңі жастарымыздың болашағы үшін тәрбие мен білімнің сара жолында ізденуден жалықпайық дегім келеді.