COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Address

Taraz, Zheltoksan STR., 69b

Contact Phone Number

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Operating time

Monday-Friday: 09.00-18.00

INTERNATIONAL TARAZ INNOVATIVE
INSTITUTE NAMED AFTER SH. MURTAZA

Home / MEDIA / News / Ертеңгі күннің кемелдігіне сенім арта түсуде

Ертеңгі күннің кемелдігіне сенім арта түсуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отандық телеарнаға қазақ тілінде берген сұхбатында маңызды мәселелерді атап өтті. Жыл басында елді дүрліктірген «Қасіретті қаңтар» оқиғасына байланысты ел ішіндегі алып-қашпа әңгімелердің бірқатарына нақты жауап берілді. Президент халықтың көңіліндегі күпті жайттарды тап басып, барлық жағдайларды бақылауында ұстап отырғанын байқатты. Бұл ең әуелі халықтың жарқын келешекке деген сенімін арттырғаны сөзсіз.
Бүгінгі күнде әлеуметтік желілерде геосаясатқа, ұлттың қауіпсіздігіне байланысты көптеген талас-тартыс пен екі ұшты мәселелерді одан әрі қаузап, ел ішінде түсініспеушіліктер туындап жатқанын байқап жүрміз. Әрине, бұл ел ішінде алауыздық тудыруға қол болатын жағдай. Түрлі түсініктегі өз пиғылын іске асырғысы келетін топтар үшін таптырмас ұрымтал тұс екені түсінікті. Мемлекет басшысы осындай жағдайлардың барын айқын сезіп, сұхбат барысында ұғындыра түскендей.
Сол оқиғадан соң құқықтық органдар айыптыларды анықтау барысында кінәсіз азаматтардың да бекерге ілініп кеткенін жоққа шығаруға болмас. Бұл тұста да мемлекет басшысы жазықсыздар жазаланбайтынын, ал кінәлі тұлғалар қатаң жазадан құтыла алмайтынын аңғартты. Әрине, барлығы заң аясында.
Сонымен қатар, Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалаған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайтынын айтып, тарихқа қиянат жасамау керек екендігін жеткізді. «Тұңғыш Президенттің қандай да бір қателігі болса, жас басшылар содан сабақ алуы керек»,- деп қысқа қайырды.
Тағы бір мәселе, азаматтардың адал еңбекпен табыс табуын бірінші орынға қою қажет екендігі баса айтылды. Елдің өркендеуі тек билікке ғана емес, әрбір азаматтың өзіне де тікелей байланысты деп есептеймін.
«Лауазым мәңгілік дүние емес»,- дейді Президент. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келетінін айтты. Жаңа Қазақстанды құруда алдағы уақытта көптеген өзгерістер күтіп тұрған секілді.

Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Е.Саурықов