COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Ш.МҰРТАЗА АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ТАРАЗ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / ХІХ-ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Отандық тарихтың аймақтық аспектілері

ХІХ-ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Отандық тарихтың аймақтық аспектілері

2023 жылдың 7 қаңтарында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Инновациялық Институты профессоры, тарих ғылымдарының докторы, мемлекеттік «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Байзақ ауданы және Жамбыл облысының Құрметті азаматы» Абдуалы Асқар Бегәділұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «ХІХ-ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Отандық тарихтың аймақтық аспектілері» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.

Профессор Асқар Бегәділұлы – 200 ден аса ғылыми және әдістемелік еңбектердің, соның ішінде 15 монографияның, оқулық және оқу құралдарының авторы. Асқар Абдуалының негізгі ғылыми зерттеу бағыттары ХVІІІ-ХІХ ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы Қазақстан мен Хиуа хандығының саяси-әлеуметтік және экономикалық қарым-қатынасы; М.Х.Дулатидің өмірі, қызметі мен мұрасы; Қазақ хандығының құрылуы, саяси-әскери жағдайы және хандықтың алғашқы билеушілерінің қызметтері; ХVІІІ ғасырдағы қазақ-орыс қарым-қатынастары; аймақтық тарихтың зерттелуі; ХІХ-ХХ ғасырлардағы тұлғалар тарихы, соның ішінде Байзақ датқа, Батырбек датқа, Т.Рысқұлов, А.Асқаров т.б. қайраткерлердің өмірі мен қызметі және Тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихы, білім мен ғылымның дамуы болып табылады.

Конференция негізгі үш бағытта жұмыс жүргізді:
1. ХІХ ғасырдағы еліміздің аймақтық тарихының зерттелу деңгейі.
2. ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихындағы өңірлердің өзекті мәселелері.
3. Жаңа Қазақстан кезеңіндегі отандық, аймақтық тарихы: проблемалар мен перспективалар.

Конференцияға 100-ге жуық ғылыми мақала еліміздегі жетекші оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарынан, соның ішінде: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінен келіп түсті.
Конференцияны Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының президенті, ф.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА «Құрметті мүшесі» Саурықов Ерболат Байұзақұлы өзінің алғы сөзімен ашты. Конференцияда Жаңа Қазақстан жағдайындағы отандық тарихтың үлкен әрі күрделі кезеңі - ХІХ, ХХ ғасырлар мен бүгінгі еліміздің жаңару дәуіріндегі тарихы жаңаша әдіснамалық тұрғыда қарастырылды. Конференция жұмысына еліміздегі жетекші университеттер мен ғылыми-зерттеу инсититуттарының танымал ғалымдары, соның ішінде Қожамжарова Д.П., Кәрібаев Б.Б., Қуанышев Ж.І., Берлібаев Б.Т., Төлебаев Т.Ә., Сламбеков З.Е., Сәтбай Т.Я., Сәмен Қ., Қарасаев Ғ.М., Дүйсен С.Ж. және т.б. сынды ғалымдар баяндама жасады. Конференцияның пленарлық және секциялық мәжілістерінде жасалған баяндамалар алдағы уақытта тарих ғылымының дамуына жаңа серпіліс беретіндігі анық.