COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Ш.МҰРТАЗА АТЫНДАҒЫ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАРАЗ
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

Басты бет / Медиа / Шерхан тағылымдары

Шерхан тағылымдары

ШЕРХАНТАНУ САБАҚТАРЫ
Қазақстан Президенті 2023 жылдың 3-ақпанында Жамбыл жеріне жасаған жұмыс сапары кезінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым еткен еді.
Сол рухани мәні зор алаңда мемлекет басшысы өңірдің зиялы қауым өкілдерімен кездесуде ел перзенті Ш. Мұртазаның ұлт руханиятын дамытуға қосқан зор үлесіне ерекше мән берді. «Шерағаң - халқымыздың біртуар азаматы, заңғар жазушысы десек, артық айтқандық емес» деген Қ.К. Тоқаев: «Жас кезімізден бастап бәріміз «Қызыл жебе» романын, басқа да шығармаларын оқыдық. Әсіресе, «Бір кем дүние» туындысы әлі күнге дейін өзекті. Халқымызға, әсіресе, жастарға рухани азық болған дүние деп айтуға болады», - деп шын бағасын берді.
Иә, бағаның бағасы ол бағаны кімнің бергеніне байланысты.
Ел Президенті халықтың зор құрметіне бөленіп өткен абыз жазушы Шерхан Мұртазаның атындағы жоғарғы оқу орнында студент жастарға жасалған қамқорлыққа разы болған және еліміз бойынша аса ардақты жазушы атымен аталатын білім ордасының өзгеше, жаңаша бітім-болмысы мен аймақтағы елеулі абыройына ден қойғаны анық.
Сондықтан Шерағаның шығармашылық мұралары мен қайраткерлік қайталанбас ісі жастар үшін әрдайым өшпес үлгі-өнеге.
Кезінде, 2012 жылы Мәскеу қаласында (Зеленоград) бір орта мектепке Бауыржан Момышұлының есімін беруге байланысты өткен салтанатты жиынға арнайы барған Шераға: «Отан үшін отқа түсіп, өле-өлгенінше халқы үшін жанын аямаған Баукеңдей дара батырды елі ешқашан ұмытпайды. Сіздер оны білесіздер. Енді Мәскеуде мектепке есімінің берілуін даңқты ерліктің сөнбес, айшықты мәртебесі деп санаймын. Оның шындық пен өжет ерліктен жаратылған рухы туған елін шын сүйген жас ұрпақты тәрбиелеп шығарады» деп тебірене сөз сөйлеп еді.
Сол айтқанындай-ақ, замандар мен дәуір үрдісінде Шерхантану - жас ұрпақты тәрбиелеу мен шыңдаудың, азат елдің бақыты мен арайлы таңын бағалай білудің таусылмас ұлағаты бола бермек.
Бұл - мемлекетшілдік саясат, ұлттық пейіл! Байтақ еліміздің ертеңі үшін еңбексүйгіштік пен күрескерлікке баулитын идеология.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
Белгілі журналист-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

ШЕРХАННЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЗЕРТХАНАСЫНАН

Шын таразышы - тарих немесе «Сталинге хат» пьесасы қалай жазылған?

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза өзінің әйгілі «Сталинге хат» пьесасын танымал тұлға, мықты суреткер Асқар Сүлейменовтың түрткі болуымен жазған. Яғни, бірде сыйлас қаламгер  Шерағаға «Күйіп тұрған тақырып бар. Қоғам сұранысы. Мына жариялылық заманы тудырған бұл өте өзекті, тарихи тақырыпты дәл қазір сіз жазбасаңыз, бәрі кеш болады»  деп айтып, қозғау салады. Шераға болса, қалай болар екен, деп ойланады.

Қилы кезең. Тақырып толғандырады. Бір дәуірдің трагедиясы тұр. Қалам қуатымен бірге жүрек қуаты керек. Бірақ, ұлтқа деген ерекше жанашырлық қилы қадамға бастырады.

Қазақтың қайсар перзенті Тұрар Рысқұлов туралы бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе»  романын жазып, әдебиет әлемінде дүрілдеп тұрған Шерағаның драматургиядағы алғашқы туындысы осылай дүниеге келеді. Және оны өте шапшаң жазады. Керемет туынды Алматыда драма театр сахнасында, көрермендер арасында бұрын-соңды болмаған үлкен абырой әкеледі. Спектакль табысты болады.

Сөйтіп, Шераға бір ғана пьесамен-ақ талайды мойындатады.

Сол пьесада жазушының табанды ұстанымы анық көрінеді. Басты кейіпкерлері Сталин мен Рысқұлов.

«Шындықтың бетін қанша бүркемелегенмен, бүркеніштің ар жағынан сәуле шашырап тұрады. Шын тарих та сондай.

Шын таразышы – тарих» - дейді Т. Рысқұлов, - Тарих  бәрін де орын-орнына қояды».

Мына бір үзіндіде Тұрар Рысқұлов былай дейді:

«Қазақстан аман болса, соған өле-өлгенше ризамын. Халқым, сен аман бол! Құрбаның болуға мен дайын. Ал зор қатенің құрбаны болғандар! Сендер кешіріңдер! Сендердің рухтарыңды қарны тойған күні ұмытып шыға келетіндерден сақтасын тағдыр!» («Сталинге хат» пьесасынан).

Кеңестік дәуірдің шындығын, І937 жылдың қанды қырғыны мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдыры мен тарихын білу үшін Шерағаның көркем шығармаларын оқу керек.

 Ұмытуға болмайды. Ұмытшақтық - ұлтқа сор.

 

ШЫНДЫҚ ҚАЙТСЕ ЖЕҢЕДІ?
 
“ Мәселе-көп нәрсе сөзде бар, істе жоқ. Қанша жерден бостандық деп айқайласаң да , бәрінің қожайыны-ақша.
Мемлекет ақша төлесе-өкіметтің сөзін сөйлейсің.
Партия ақша төлесе- партияның сөзін сөйлейсің. Жеке байлар қаржыландырса, - соның сойылын соғасың. Ал, өз алдына күн көріп, қара қылды қақ жарып отырғандар некен-саяқ.
Шыншыл, адал журналистер, жазушылар бар. Ондайлар көбінесе оққа ұшады. Атып кетеді.
Ал, ақшаға сатылған арамзалар да бар. Әлдекімдердің жалауымен қалам сиясынан жалақорлықтың, бәлеқорлықтың улы зәрі тамшылап тұрады.
Әлем қалай ала-құла болса, баспасөз де, журналистер де сондай.
Сонда әділет қалай салтанат қүрады? Шындық қайтсе жеңеді?”
(“Ататүрік. Ұлттық рух”).
28 ҚЫРКҮЙЕК-ШЕРАҒАНЫҢ ТУҒАН КҮНІ.
Осыған орай бұл күні Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновация институтының ұйымдастыруымен бірқатар іс-шаралар өткізіледі.
Қалың қазақтың Шерағасының мол мұрасы-ұлт қазынасы!
 
 
ШЕРАҒАНЫҢ ШЫҢЫ МЕН ШЫНДЫҒЫ
 
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ өмірі қоғам мен халықтың өміршең сөзін айтып, өжеттіліктің өр биігі болып қала беретіні Ай туғандай анық!
Замандар да заңғармен санасады.
Шерағаң-заңғар тұлға!
Өзі жанындай жақсы көрген Тараз қаласының бүгіні мен келешегі Шерағаның рухын асқататумен әйгілі бола түсуде.
Қаланың қақ ортасындағы Ш.Мұртаза атындағы көшеде Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының ғимараты алдындағы көркем де көрікті саябағында Ұлт перзентінің зор ескерткіші күндіз де, түнде де жап-жарық шапағаты мен сәулесін түсіріп тұрғандай.
Осы жоғары оқу орнының Шерхантану орталығы да жастардың ең сүйікті шығармашылық ұясына айналды.
Тараз-Әулиеата, Жамбыл өңірі десе, Шерағаның биігі еске түседі. Шыңы мен шындығы шығады алдыңнан.
Ардақты ағаның 28 қыркүйек -туған күнінде көне қала руханият құшағында болады.