Тарихтан тағылым - өткенге тағзым
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Инновациялық Институты «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» тақырыбында студенттермен кездесу өткізді.
Кездесуге Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының басшысы, тарихшы-археолог Сауран Қалиұлы Қалиев, Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Қуаныш Кәрібайұлы Дауренбеков, институттың «Тарих және география» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандитады Сейілхан Тоқболатұлы Тоқболат, аға оқытушы, тарих ғылымының магистрі Айнұр Рәпілбекқызы Жунисбекова қатысып баяндама жасады.
Мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған соңғы деректер бойынша, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандарының саны 40 миллионға жеткені айтылады. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданады.
1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.
Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.