Шерхан Мұртазаның туған күні
Бүгін Халық Жазушысы, қоғам қайраткері, жерлесіміз Шерхан Мұртазаның туған күні.
Қазақ әдебиетінің, тілінің, ділінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шындықтың шырақшысындай болған, Қазақ журналистикасының қара нары Шерағаң тірі болғанда биыл тоқсан бір жасқа толар еді.
«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде – Ұлт та ұлы бола алмайды» -деп ұлы Ғабит Мүсірепов айтқандай әдебиеттің атқаратын орасан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды.
Осы тұрғыдан алғанда Шерхан Мұртаза саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына арнап, оған өлшеусіз үлес қоса білген дара дарын, біртуар тұлға болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды.
Қалың оқырманның сүйікті жазушысына айналған Шерағаң қоғамдық бастамалар мен өзгерістерде де өз ойын батыл айтып, елінің жоғын жоқтай білді. Журналистика саласында да елеулі еңбек етті. Талай талантты жастарға қамқорлық танытып, қолдау көрсетті, ағалық ықыласын білдірді.
Шерхан Мұртаза ел үшін елеулі еңбек еткен, бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасын, соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырған Шерағаңның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін!
Ізгі тілекпен, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Инновациялық Институты ректоры Марат Баяндин