Республикалық семинар: Педагогтардың құзыреттілігін арттырудағы жасанды интеллект
2024 жылдың 27-і қарашасында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Педагогика» факультеті мен «Жалпы педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен, бірқатар білім беру мекемелерімен бірлескен «Педагогтардың құзыреттілігін арттырудағы жасанды интеллект» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Семинардың мақсаты – жасанды интеллект технологияларын педагогикалық қызметте тиімді пайдалану жолдарын талқылау және педагогтардың кәсіби құзыреттілігін дамыту.
Іс-шараның ашылуында Шерхан Мұртаза атындағы ХТИИ ректоры, п.ғ.д., профессор М.Н.Сарыбеков пен Стратегия, ғылым-инновация және сыртқы байланыс жөніндегі проректор А.Е. Құдайбергенов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Семинардың модераторы – «Жалпы педагогика» кафедрасының сеньор-лекторы Роза Ажибаева болды.
Семинарға келесі мекемелердің өкілдері қатысты:
• Астана қ., А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты;
• Шымкент қ., Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық Университеті;
• Павлодар қ., Ә.Марғұлан атындағы Павлодар Педагогикалық Университеті;
• Қарағанды қ., Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті;
• Тараз қаласының білім беру мекемелері: Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі, Тараз инновациялық көпсалалы колледжі, Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы және №28 бөбекжай-бақшасынан мамандар қатысты.
Семинар барысында жасанды интеллекттің білім беру саласындағы рөлі мен оның педагогикалық құзыреттілікті арттырудағы маңыздылығы талқыланды. Қатысушылар ғылыми баяндамаларын ұсынып, тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды. Республикалық деңгейдегі бұл семинар кәсіби даму мен білім беру саласындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.