«Жұбанов тағылымы – ғылым мен мәдениеттің зерделі белесі»
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Ақпараттық-кітапханалық орталығы №1 оқу залының ұйымдастыруымен қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, белгілі ұстаз және түркітанушы Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Жұбанов тағылымы – ғылым мен мәдениеттің зерделі белесі» атты іс-шара өткізілді.
Шараның басты мақсаты – ана тілімізді терең меңгеруге, оны құрметтеуге баулу, халқымыздың бай мәдениеті мен әдет-ғұрыптарын жастар арасында насихаттау болды.
Іс-шара барысында Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың суреттері, кітаптары мен шығармаларының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ғалымның өмірі мен шығармашылығы туралы слайдтар мен бейнероликтер көрсетілді. Бұл көрнекіліктер студенттер мен оқытушыларға қазақ тіл білімінің негізін қалаушының ғылым мен мәдениетке қосқан үлесімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Шара барысында студенттер мен оқытушылар Жұбановтың өмірі мен шығармашылығына байланысты маңызды деректермен танысты. Қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін салған ғалымның еңбектерінің түркі әлеміне ортақ мақтаныш екенін атап өту маңызды болды.
Сондай-ақ, іс-шара бағдарламасында ерекше танымдық және мәдени шаралар ұйымдастырылды:
- Студенттер назарына күй орындалып, ойындар мен көріністер ұсынылды.
- «Сұрақ-жауап» форматындағы танымдық ойын-сайыс өткізіліп, қатысушылардың білімін шыңдауға ықпал етті.
- Белсенділік танытқан жастарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Іс-шара соңында қатысушылар Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың еңбектерінің тереңдігі мен маңыздылығын түсініп, қазақ тіл білімінің тарихына шолу жасады. Осындай шаралар арқылы жастар арасында тілімізді құрметтеу, ұлы тұлғаларымыздың мұрасын насихаттау мақсаттары жүзеге асады.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті ұжымы алдағы уақытта да ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шаралар ұйымдастыруды жалғастыра бермек.