COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Ш.МҰРТАЗА АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ТАРАЗ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / «Тәуелсіздік – Тәңірдің сыйы...»

«Тәуелсіздік – Тәңірдің сыйы...»

Ерболат Саурықов – ТИГУ ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

 

         ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы - еліміздің ары қарайғы дамуының алғышарттарын көрсететін және қазақстандықтарды жа­ңа белестерді бағындыруға же­телейтін, ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат деп білеміз.

         Мемлекет басшысының мақаласында еліміздің отыз жылдық өткен тарихы мен алдағы алар асулары мен белестеріне тұщымды шолу жасалған. Қас қағым сәтте өте шыққан отыз жылда еліміздің жеткен жетістіктері баршылық. Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастырған мемлекет басшысы, әрқайсысының атқарған миссиясы тұрғысынан талдау жасап өтті. Алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі, екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі десе, үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналған кезеңі дейді.

Мақала елімізді ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, дамудың жаңа бағыттарын жаһандық дағдарыс жағдайында жүзеге асырудың басты бағыттарын тағы бір айқындап берген тәрізді.

Өткенге салмақпен көз жүгіртіп өткен мемлекет басшысы бұдан соң алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу екендігін баса айтты. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет дейді.

«Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы», - деп сонау тарихтан келе жатқан әділетті қоғам құрудың қажеттілігі мен алғышарттарына тоқталады. Еліміздің өсіп-өркендеуі мен гүлденуінің негізі – әділетті қоғамда өмір сүру, осыған сәйкес қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын дұрыстау деп атап өтеді.

Өскелең ұрпақтың жаны да, санасы да таза, саф алтындай болуы қажет. Қоғамда экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып жатқандығы рас. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз, әрбір қазақстандық ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі екендігін терең түйсініп, сезінуі қажет екендігін айтады.

«Таным мен тағылым» бөлімінде мемлекет басшысы «Тәңірдің сыйы - Тәуелсіздік» турасында салиқалы ой мен сындарлы тұжырымдар жасап өтеді. Расында да, біз жалғанды жалпағынан баса білген, жасампаз ұлы тұлғалардың ұрпағы қазақ жұрты азаттықтың ақ таңы атқанша айбарлы арыстанмен де арпалысқан, қайраты тасыған жолбарыспен де жұлысқан, айдаһардай алпауыт мемлекеттермен де тайталасқа түскенбіз. «Ұлы тарих кемел келешекке жетелейді,» - деп елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай тәуелсіздіктің әсем әнін жүрекке сала айту үшін осы елдің тарихынан хабардар болуымыз керек. Тәуелсіздік тәңірдің сыйы болғанымен, сыйды алу үшін сан рет сабақ алдық, сан рет тағдырдан жапа шектік.

Ел болып «Қазақ хандығы» деген атты алғалы баз біреулер көре алмаушылықпен аларып қарай бастады. Алғашында жоңғардың жойқын шапқыншылығынан титықтаған қазақ ендігі кезекте екі ғасырға жуық уақыт аралығында Ресей патшалығынан әбден қорлық көрді. Алдымен жерінен, кейін табиғи байлықтарынан, тілінен, дінінен, «мен» деген көзі ашық, көкірегі ояу ірі тұлғаларынан айырыла бастады, ашаршылық азабын тартқаны аздай бодандық азабын да әбден тартты. Одан қала бере нағыз атом сынақтарын жүргізетін алаңға айналды. Өткеніміз қанды жазу, қаһарлы оқиғаларға толыса берді. Төбесінен сөз асырмаған намысшыл елдің бар абыройы аяқ асты болды. Көрген қиыншылықтан көзі қанға толған қазақ жұрты тіпті алаңға шығып азаттықты талап етті. Сол үшін ешқандай жазығы жоқ жастарымыз мұзға отырып, итке таланды, оққа да ұшты. Әйтеуір сонша еңбек, сонша тер зая кетпей егемендігімізді алдық. Шаңырағы шайқалып, керегесі тарылған қазақ елінің қолы азаттыққа жеткенімен, ел болып қайта тұруы оңайға түспеді.

Өз валютасы мен шекарасы тұрмақ, тілінің өзі шұбарланған елдің ертеңі бұлыңғыр еді. Тәуелсіздікті алып асыл арманымыз орындалғандығына қалпағымызды көкке самғата қуанғанымызбен оны сақтап қалу одан да қиынырақ екен. Алайда елдің ертеңін ойлап, ел үшін, жер үшін қызмет еткен тұлғаларымыздың арқасында қайта тұрдық, қайта самғадық. Елді Есілдің бойына қоныстандыра отырып, жаңаша сипаттағы бәсекеге қабілетті елдің іргетасын қаладық. Беделді ұйымдарға мүше болумен қатар соларға жетекшілік еттік. Халықаралық дәрежеде шекарамызды сыздық. Мемлекеттік рәміздерімізді енгіздік, ұлттық валютамызды айналымға жібердік. Ана тілімізді мемлекеттік тіл дәрежесіне көтердік. Ассамблея құра отырып, атом қаруынан түбегейлі бас тарттық. Тіпті әлемдік дәрежедегі «EXPO-2017» көрмесінің қазақ жерінде өтуінің өзі қазақ елінің әлемдік сахнада беделді мемлекет екендігін айғақтайты.

Тарихымыздың тереңіне үңілген президент Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керектігін, түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы, осыған орай бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет екендігін баса айтты. Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынып, қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы, әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс деген қорытындыға келеді.

«Қоғам мен құндылық» дей келе, егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз деп, осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтауды негіз етеді.

«Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс. Батыста Бозжыра мен Шерқала, күнгейде Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем, Жетісуда Хан Тәңірі мен Шарын, Көлсай мен Қайыңды, Қапал-Арасан, Алтынемел мен Бұрхан бұлақ, шығыста Мұзтау мен Шыңғыстау, Марқакөл мен Рахман қайнары, Арқада Бурабай мен Баянауыл, Ұлытау мен Қарқаралы, теріскейде Имантау мен Айыртау және басқа да көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жәннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек», - деген қорытынды жасайды.

Мемлекет басшысы жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенеді. Халқымыз «Атың барда жер таны, желіп жүріп» дейді. Жырақта жүрген жастарымыздан айырылып қаламыз деп уайымдаудың жөні жоқ дей келе, біздің міндетіміз – олардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қызмет етуге жұмылдыру болып табылады дейді.

   Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының мақаласы еліміздің болашақтағы даму жоспарына арналды. Бүгінде еліміздің әлем мойындайтындай жетістіктері көп. Мақсатымыз – әлемдік дағдарыстың әрбір сәтіне ерекше дайындығымызды пысықтап, ел экономикасын дамыту мен халықтың тұрмысын жақсартып, табысы жоғары ел қатарына қосылу үшін аянбай еңбек ету. Мақаланың да негізгі мәні - осы.

Жұмыла білсек, трихымызды қастерлеп, ұрпақтың санасын жаңғыртып, дамытып отырсақ – Қазақстан өсіп-өркендейді. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адамның тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болатыны барлығымызға аян. Мақалада айтылған, жүзеге асыруға міндеттелген түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі болашақ үшін жасалуда. Ендеше, біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, қасиетті Отанымыз – Қазақстанды мәңгілік ел етуге еңбек етуге тиіспіз.

Егеменді еліміздің одан әрі дамуына, Мемлекет басшысының мақаласында көрсетілген бағыттарды басшылыққа алып, өз саласында аянбай еңбек етуі әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы деп білемін.