COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Ш.МҰРТАЗА АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ТАРАЗ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / ТӘУЕЛСІЗДІК – БАСТЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

ТӘУЕЛСІЗДІК – БАСТЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

Тәуелсіздік - ұлттығымыздың ұлық қазынасы. Қас қағым сәт сияқты тәуелсіздіктің тарихи кезеңдері – бүгінгі қазақ елі үшін асқаралы асу, биік шың тәрізді. Рухымыздың биіктігі, бірлігіміздің бекемдігі - қаһарман қазақ атанып, дербес ел болуымыздың  айқын нышаны.

Сындарлы саясатын үлкен көрегендікпен жүргізе білген Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы тамыры бірнеше мыңжылдықтар тереңінен бастау алған Тәуелсіздігіміздің тұғырға айналу барысын тағы да бір  айқындап береді.

Қазақ хандығына дейін Ұлы Дала төсінде  құрылған 20-дан астам  мемлекеттік бірлестіктерден бастау алып, сонау Керей мен Жәнібектен жалғасын алған  азаттық жолындағы тартыс Хақназардың да, Абылайдың да, әз Тәукенің де, тіпті, хан Кененің заманында да жалғасын тапқан болатын. Олардың ізгілікті жолын Алаш арыстары да бір арнаға тоғыстырып, ұлт мүддесін қорғаудың ерекше үлгісін көрсетуге ұмтылды. Яғни, Ахмет бастап, Әлихан, Тұрарлар  қостаған талай қазақ зиялылары қарға тамырлы қазақ үшін бостандық жолында өмірлерін  қиды. Елбасы миллиондаған адамды қанға бөктіріп, қисапсыз мол қиындықтардан тұратын ХХ ғасырдың қазақ халқына әкелген қасіретін нақты фактілер мен пайымды тұжырымдары арқылы жеткізіп, бүгінгі Тәуелсіздікке қалай жеткенімізді бүгінгі және келешек ұрпақтың білуін  басты мақсаты екендігін атап көрсетті.

«Биді дауда, батырды жауда көрген, елдің жүгін ер менен нарға берген. Біздің қазақ ешқашан аштан емес, Ардан, Намыстан өлген». Біздің осыны әрдайым естен шығармауымыз керектігін нығыздап айтты.

Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу, танылу және әлемдік қауымдастықта өзін нық орнықтыра алу – бабалар қанымен келген киелі құндылық екендігін білу әрбір қазақтың басты міндеті.

Мақалада тәуелсіздік тағылымдары ішінде білім мен ғылым  саласындағы жетістіктер мен  алдағы мақсат-міндеттер  айқын көрініс тапқан.

Тәуелсіздік жылдары қол жеткен орасан табыстарды еселейтін өскелен ұрпақ екендігі аян. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе»  деген сөз де осыған орай айтылса керек. «Ел мен елді, жер мен жерді теңестіретін – білім» екендігін ескере отыра, Елбасының жетекшілігімен білім саласында да жаһандық трендте болу үшін аз жұмыстар атқарылған жоқ. Білімге деген жанашырлық болар, тіпті сонау 90-жылдары қаражат жеткіліксіз болған кездердің өзінде  студенттердің оқу төлемақысы, жүріп-тұруы, күнкөрісі мемлекет тарапынан төленіп отырды. Заманауи білім көшінен қалмау мақсатында «Болашақ» бағдарламасы жасалып, жас ұрпақ әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында біліммен қаруланды. Сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев университеті, Назарбаев зияткерлік мектептері, ақпараттық технологиялар саласындағы стартаптарға арналған «Астана-хаб» халықаралық технопаркі ашылды.

Осы уақытқа дейін мемлекетіміздің қамқорлығы мен жанашырлығын сезінген 15 мыңнан астам маман даярланып шыққан екен. Елбасы мақаласында төртінші индустриялық революция барысында цифрлық технология, робот техникасы, бионика, нанотехнология, жасанды интеллект саласындағы түбегейлі өзгерістерде еліміздің жастары көшбасында болуын баса айтты. Сондықтан халқымыздың, ең алдымен жастарымыз бабаларымыздың ерен ерлігі, асыл мұраты арқылы келген Тәуелсіздігіміздің іргетасының берік, тұғырының биік және абыройының асқақ болуына әрдайым аянбай еңбек етуі қажет.

 

АСҚАР АБДУАЛЫ,

Халықаралық Тараз инновациялық институтының бірінші проректоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор