Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ өмірі қоғам мен халықтың өміршең сөзін айтып, өжеттіліктің өр биігі болып қала беретіні Ай туғандай анық!
Замандар да заңғармен санасады.
Өзі жанындай жақсы көрген Тараз қаласының бүгіні мен келешегі Шерағаның рухын асқататумен әйгілі бола түсуде.
Қаланың қақ ортасындағы Ш.Мұртаза атындағы көшеде Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының ғимараты алдындағы көркем де көрікті саябағында Ұлт перзентінің зор ескерткіші күндіз де, түнде де жап-жарық шапағаты мен сәулесін түсіріп тұрғандай.
Осы жоғары оқу орнының Шерхантану орталығы да жастардың ең сүйікті шығармашылық ұясына айналды.
Тараз-Әулиеата, Жамбыл өңірі десе, Шерағаның биігі еске түседі. Шыңы мен шындығы шығады алдыңнан.
Ардақты ағаның 28 қыркүйек -туған күнінде көне қала руханият құшағында болады.
ДҮНИЕ ДЕГЕН САРЫ АЛТЫН…
( Досым Жолтай Жұмат ӘЛМАШҰЛЫНЫҢ кезекті хатына орай)
Көп сөз-көмір, аз сөз-алтын.
Жолтай, бұл хатыңда (7.ХІ) “Буллинг, парықсыздық және…” деген оқшау тақырыппен қоғам үшін залалды құбылысты және оның салдарлары жайында қозғапсың. Бұл ауыр тақырып, өте ауыр тақырып. Кәдімгі буллинг дейсің. Сырттай да, іштей де қауіпті құбылыс. Әлеуметтік зерттеулер, методикалық тәсілдер, ғылыми тұжырымдар қажет. Өрісі қоғамда оның қалай болмақ?Парықсыздық…парасаттылық жоғалғанда төбе көрсетеді. Қайдағы…кәдімгіден де булығып кеткен кесел мінездің кейпінен кері кеткен нәрседен басқа не болушы еді? Аз сөзбен айтқанда,бұл буллинг “біреудің жеткен жетістігін не болмаса еңсерген биігін, әйтпесе, әйтеуір артықшылыққа ие болғанын көре алмаудан, яки қызғанудан туындап жататын мінез кемшілігі немесе оғаш қылығы деуге болар, сірә?!”дейсің.
Бұл жақсы емес. Ошағанша жабысқан жамандық. Жиренішті әрекеттердің жосықсыздығы. Кесекті ұлт келбетіне кесел келтіретін теріс мінездер мен ойланбай ұрынудың салдарына тап болу деп түйіндедік.
Жастар тәрбиесіне осы орайда аса абай болмаса, сақтық жасамаса, жоқ жерден опық жегізеді.
Жалпы жас адамдарға мына алашапқын заманда өткеннен мақтану мен мақтау керемет өнеге әңгіме емес, өнбейтін, өтірігі көп өмір секілді көрінетін секілді. Жолтай, өзің жақсы білесің ғой, ертеректе еңбек адамымен кездесу, ақын-жазушылармен ауыл клубында дидарласу, ал ғалымдармен жолығысу жиындары тіпті ерекше сипатта, ақылды жандардың ой-толғаныстарының тоғысымен керемет жағдайда өтетін еді. Содан алған әсерінен көрнекті адамдарды үлгі тұту, өмірді еңбекпен, біліммен өрнектеуге жаңа ұмтылыстар мен бұлқыныстар пайда болатын. Ал қазір бұл мүлдем басқаша сипатта. Қоғамдық ой-сана, өре өскен сайын түйсіну сезімі мен талғампаздыққа да өзгерістер енуде. Құр мақтана бермейік дейтін болдық, егер ылғи ығыр ететін, бейпіл мақтангерліктен осы жылдары мүйізіміз шықса, шығатындай-ақ болды.
Қаймағы бұзылмаған қазақ өмірі дегенде көз алдымызға ишарамыздың барлығы иманды, ізгі сыйластықты, ақ тілеулі, жақсы дүниелерді көзге елестетеміз. Сонымен қатар, Абай, тіпті Абайдан арғы заманнан бері келе жатқан қара надандық, парықсыздық, дарақылық, сауатсыздық, санасыздық, рушылдық,жікшілдік, ұсақтық, жалқаулық, еріншектік, самарқаулық, бақай есеп, сасық қулық, тойымсыздық, тоғышарлық, ұрлық-қарлық, жемқорлық, сұраншақтық, арызқойлық, парақорлық және моральдық азғындыққа апаратын бұл пендешіліктер ешқашан қоғам тәрбиесінен тыс қалған емес. Сіңірі шыққан кедейшілік те бар…Адамдарды рухани қажытқан, айлакерлік пен қылмысқа итермелейтін түрлі пәлекеттер талайды сорлатады, шегіне жеткенде өкіндіреді.
Міне, Жолтай, өзің ұдайы көркем шығармаларың мен хат жазбаларыңда талмай, танбай жазып, ашып та, тұспалдап та, ақылға салып та айтып келе жатқан түпкі ұлттық сананың сипаттамалары мен содан туындайтын ой сарасы.
Адалын айтсақ, сөз бен ой, іс пен тірлік түзелер деп үміт етесің. Рас, реті мен рабайы риза етсе, қоғам дамуына леп әкеледі.
Негізі, шылғи өтірікке құрылған мемлекет түптің түбінде опырылып құлайды, өйткені өтіріктің тамыры көктемейді, қурайды, деп тура айтыпсың. Бұл қарт тарихтан да белгілі жай. Қазір кейбір әжептеуір аты бар, заты бар, биік лауазымдарда қызмет атқарған адамдар да өздеріне есеп бермей, халықты кінәлағыш, мін таққыш, өтірікті өңмеңдеп айтатын болып алды. Талғам мен сауаттылық жетпей, анық-қанығына бас ауыртпай-ақ, бостан-босқа даурығып жатқан адамдардың алтын уақыты түкке тұрмайтын нәрсеге кетіп жатқаны аянышты.
Алдамшы өмір соқпақтары бірде құз, бірде қия жартас. Қым-қуыт, сыбайлас жемқорлыққа етек-жеңімен кіріп кеткендер аяғын тартып, азаятын түрі байқалмайды. Апырай, бұлар қашан тояды, қашан қояды деп қамығасың. Қылмысына сәйкес әділ заңмен жазалап, түрмеге тоғытып та жатыр. Бірақ қызмет бабында қылмыс жасау тыйылмай тұр. Бұл қоғамның көптен бері іштей бүлініп, құлқынқұмарлық дендеп, үйреншікті өмір сияқты етек алғанын аңғартады. Тура бір “жемқорлық эстафетасын” қолдан қолға ұзатып беріп жатқан секілді.
Басынан бақ тайғандардың дені қарап тұрсаңыз, кезінде қызмет бабын пайдалананып, қоғам дүниесін ту-талапайға түсірген тоғышарлар тобыры болып тұр.
Жазықсыздар жазаланбасын, ал мемлекет мүлкіне көзін шел басып, ар-ұятты кейін ысырып қойып, молынан қол сұққандар қылмысына қарай қатаң жазасын заң тәртібімен алуын халық талап етеді. Ана бір жылдары қазақтың көрнекті қайраткері, ақын қызы “Билікке адамдар неге құмар, өйткені билік бар жерде байлық бар” деп ашық айтып, артықшылықтың заңсыз жолын жазғанында, “ Оу, апатай, мұныңыз болмайды. Билік бар жерде ешқандай байлық жоқ” деп ақталып, қарсы сөз айтуға бір шенеунік жарамады. Жемқорлықпен өмір сүріп жатқандардың ар-ұяты жібермеген болуы керек, ал қатардағы қызметкерлер іштей түсінеді және оның маған қатысы жоқ деп қоя салады. Десе де бұқара мен билік арасында қандай да бір құйтырқы тірлікке куә. Шындық сөз өйтуіне мұрсат бермейді ғой. Былыққан жерді тазартып шығу да оңай емес.
Басқа басқа, егер жас бала, жеткіншек, бозбала төңірегінен әділдіктің орнына қиянат, адалдықтын орнына қатыгездікке тап келетін жағдай қаулап, қаумалап, қоршап алса, оған қоғам көз жұмып, қорғаныш болмаса, үрей-қорқыныш қымтап, сенім жоғалса, не болады?! Жанын қию…итермелеу. Ойлаудың өзі қиын. Қайғы-қасірет қайдан демеңіз…Статистика мәліметтеріне ден қойсаңыз қатты шошындырады.
Қазіргі жағдайда қоғамды сауықтырудың тағлымдары мен сабақтары осындай қалың ойға қалдырады.
Бақ пен сор ылғи жарысқан, бірінің қолы адалдықпен жетіп, екіншісінің ғұмыры жетпейтін байлық-дәулет үшін еңбекшіл ниетпен пен дүниеқоңыз пейіл жағаласқан заманда адам тәрбиесі туралы тақырып бұрын-соңды болмаған биікте айтылуы керек. Ой-санада ғана емес, ашық қоғам бетінде “Ар өлшемі-адал еңбек” деген сөз әрдайым үлкен әріппен жазылуы ең негізгі ұран болуы тиіс. Бірақ бұл өміршең сөзді еңбек ұжымдарының өзі қалыпты деңгейде ескере бермейтін болды.
Адал еңбекті біздің елімізде қоғамның қасиетті құндылығына қайта оралту мен орнықтыру саясатын күшейту және оны сақтау туралы талай мәрте орынды айтылды. Әділетті Қазақстан мен адал адамдар егіз ұғым болып саналады, деді. Ендеше қоғамның байлығы да, жаңарған құндылығы да адамдарды адалдық рухында тәрбиелеу идеологиялық міндеттің негізі.
Тап осы арада ашып айтар болсақ, халықтың тарихи санасы жетілсе ғана мықты ел боламыз. Ғасырдан ғасырға ұласып, жалғасатын ұрпақтарға керекті ұлт тарихы дұрыс оқытылуы керек. Сонда бүгінгі буынның көзі ашылып, жан-жағына қарап, еңсесін басқан құлдық сананың қамытын сыпырып, бойын тіктеп, серігіп, сенім қуатына ие болады, ал келешек ұрпақтың ұлттық намысы бойына әбден сіңген, айбынды, сесті болып жетілуі хақ.
Тарихи әділеттілік орнаған жерде қандай да бір өтіріктің аясы тарылады.
Елімізде соңғы жылдары әлеуметтік әділеттіліктің қажеттілігіне сай көп өзгерістер жасалып та жатыр. Бірақ кейбірде жер-жерде “Баяғы жартас, сол жартас” деген сөздің айтылуы кездейсоқтық емес. Соған жете мән беруіміз керек. Жеке басындағы жағдайға байланысты болса да жергілікті биліктің жұмысына көңілі толмағандықтан да осы тақылеттес пікірлер естіліп жатады. Және ондай пікір айтушылар бірлі-жарым емес. Мысалы, Жамбыл облысындағы шалғайдағы ауылға газ құбыры тартылып, тұрғындар бірнеше жылдан бері көгілдір отынның рахатын көріп отырса, сол ауылдағы “Казпошта” ғимаратында от жанбайды. Себебі, газ құбырын тартуға әлгі мекеменің ақшасы жоқ көрінеді. Зейнетақысын алуға, басқа да мұқтаждықпен баратын қарт кісілер іші азынаған суықта әлгі тас ғимаратқа бас сұға алмай әуре-сарсаң. Нақ осы мәселені не әкім, не депутат, не қоғам белсендісі де шеше алмайды. Бұдан кейін қарапайым халық арыз-шағымын кімге айтып, кімнен көмек сұрайды?!
“Еститін Үкіметің қайда?” демей ме?
Қандай деңгейде болмасын, біздің билікке қалтасының қамын емес, жұрттың жайын ойлайтын адамдар келгенде ғана алға қойған мақсатқа жетеріміз анық.
Жоғарыда өмір сапасын жақсарту мен жалпыға ортақ қасиеттерді қалыптастыруға байланысты айтылған ойымызды жалғастырсақ, жүйелі іс-шараның нақты және ықпалды нәтижесі болуы керек. Адал еңбек адамды тәрбиелеуде теңдессіз құдірет. Сонда үйде де, мектепте де, университетте де, өндіріс орындарында да түсіністік пен сыйластық, ыстық ықылас пен бірлік, ынтымақ берік болады. Достық қарым-қатынас шынайы қалыптасады. Бір-біріне қамқор көңілі мен жанашырлық сезімдері тереңдейді. Қайдан оқып едім, ә, бір сөз бар “Бақытты болу молшылық емес, бақытсыз болу жоқшылық емес”. Көптің көңілінде емес, адам өз көңілінде өмір сүру керек, деген жөн сөз, әрине. Әл-Фараби бабамыздың сан ғасыр бұрын тәрбиелі білімге байланысты әйгілі сөзіне мәңгілік мән беруді сағат сайын ойламай өмір сүру мүмкін емес.
Иә, “Дүние деген сары алтын, талайды алдайды”(Төле би).
Несін айтасыз, ана замандарда..Қу дүниеге құлқыны да, көзі де тоймай, пәлен патшаның, түген әміршінің ақырғы өмірі өкінішпен аяқталған, деген әңгіме-әпсаналарды естіп, ондай жағдайларды кітаптардан ғана оқып, өскен ұрпақтардың сенімін жоғалтқан не нәрсе қазір сонда?! Адами қасиеттерден жұрдай ғып жоғалтқан жамандықты жаман, теріс қылықты теріс, кесір-кесепатты зұлымдық деп атаудан тартынған жан бола ма? Өзіңіз ойлаңызшы.
Ұлы тәрбиенің бүкіл киелі ұлағатты ұраны мен өміршең мән-мағынасы адамды бақытты өмір сүруден басқа нені көздеуі мүмкін, ә?
Қазақ халқының “Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен!” деп айтылатын нақыл сөзінің тап осы күндері бір еңселі жерде жазулы тұрғанын көргендеріңіз бар ма? Өкінішке қарай, ондайды көре бермейсіз. Себебі ме, себебі қазіргі әлемдік қоғамда байлық пен ақша ғана ұшпаққа шығаратындай пиғыл алға өзеурей шығып, жапа-тармағай жанталасқан заман үдерісі жүріп жатыр.
Сайып келгенде, ненің жақсы, ненің жаман екенін не түсіне алмай, не ажыратай алмай, арпалысқан сана-сезім аударылып түсуде.
“Бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік”. Қазір екінің бірі батыр. Қазір екінің бірі сөзуар. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң ойымызға не келсе соны жазамыз, ана “интернет иірімінде иман жоқ” дейтін сылтаумен “Екі елі ауызға төрт елі қақпақ” деген сөздің неге айтылатынын бара-бара ұмыттырып жіберетіндей батылданып бара жатқан жоқ па? Енді заманды ақыл билейтінін есте ұстамайтын ұрпақтардың кескін-келбеті қандай болмақ?
Елдің келешегі мен қоғамның дамуы ақылды, білімді, ойын ашық айта білетін, тілі мен діліне берік, ұлттық рухы биік, мемлекетшіл қасиеттері аспандап тұратын жастардың қолында деп айтпайтын әлеумет болған емес, болмайды да, бұл адамзаттық ашық мәселенің төресі.
Ендеше не жетпейді? Дұрысында қазақ қоғамында алаңдатқан сауалдар неге көп?
Әділетті қоғам құрудың өзегінде не тұр?
Дұрысында қоғам өзгермей, ешнәрсе өзгермейді, деп өзімізге өзіміз міндет қоймайтын күніміз жоқ.
Бірақ…
Ұлттық намыстың абыройын ойлау мен сақтаудан артық ештеңе жоқ. Елдікті сақтап, қабырғалы жұрт болу жолында өз мініміз бен кемшін тұстарымызды білу және одан арылу ілгерілеудің бірден-бір шарты.
Жақында Қазақ телевизиясының Алтын қорынан соноу 1990 жылдың бас жағында, егеменді Қазақстанның алғашқы кезеңінде эфирге шыққан “Ұлт және сана” бағдарламасының “ Ұлттық намыс” деген тақырыпта жүргізілген екі сағаттық хабарын қайталап көрдік. Көрермендерді сағынтқан бағдарламаны жүргізіп отырған Қазақстан телехабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік компанияның төрағасы Шераға-Шерхан Мұртазаның өзі, ал пікіралысу әңгімеге қоғамға қаламгерлігімен қатар қайраткерлігімен де әйгілі Әнуар Әлімжанов, Әбіш Кекілбайұлы және Қадыр Мырза-Әлі қатысқан. “Төртеу түгел болса, төбедегі келтіреді” демекші, сондағы төрт ірі зиялы тұлға бірауыздан “Жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш арыстарының ұлт мүддесі мен ұлттық намыс тұрғысында қозғау салған негізгі мәселелер дәл осы кезеңде де өзекті және маңызды” деген ой түйіндейді.
Әлі де солай. Арада бір ғасырдан астам уақыт өтті. Өркенді ұлт болып толыққанды қалыптасу және Еуропа елдері мен Жапониядағыдай өркениетті мемлекеттер қатарынан табылу әлі де маңызды. Қазіргі қазақ қайраткерлерінің айтып жүргені де осы прогрессивті ойды одан әрі дамыту.
Сондықтан да ұлттық намыс пен мүддені жоғары ұстау ең алдымен төл тәрбие мен қоғамдық сананың кең еркіндігіне тікелей байланысты дейді. Үш жүз жылдық құлдық психологиядан біржолата арылып, азат елдің ерлеріне тән қасиеттерді күшейтуге байланысты талаптар аз айтылып, аз жазылып та жатқан жоқ.
Есіңде шығар, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жастар тәрбиесінде үлкен кісілердің-аға ұрпақтың да жауапкершілігі бар екенін атап және қадап айтты. Дәл осылай ашық және әділеттілік жағдайында мемлекет пен қоғам алдындағы парыз бен қарыздың қаншалықты сұрауы болатынын, тарихи маңызды екенін ортақ ойға оралтқаны көпшіліктің көңілінен шығып, қолдауға ие болды.
Бізде бір жаман әдет бар. Көзге сүйел болып қадалып тұрған шөңгені көріп тұрса да көрмегендей үнсіз қалып, шеттеп, сырт айнала кететіндер жиі кездеседі. Әліптің артын бағып, бұқпантайлап, көзінің астымен тіміскілей қарап, биліктен пайдалы бірдеңені күтіп жүргендей ме, сұраншақтық пиғылын ұмытқысы келмейтіндердің кейпін байқаймыз.
“Біз әлі ескі сүрлеумен келе жатырмыз” деген сөздің мәнін енді-енді түсініп жатқандай ма, кешеге дейін ескі жүйенің қызығы мен шыжығын көріп, жаман өмір сүрмеген бірқатар кісілер әлеуметтік желіге сұхбат-әңгімелерімен шыға бастады. Қоғам алдында арылу үшін бе, әлде өз ықтияры ма, оны айта алмаймыз, ең бастысы-ел байлығы мен халық қазынасын ту-талапайға түсірген өкінішті жағдайдың орын алу себептерін ашық айта алмай, өткеннен алған тағлымын әлсіз күймен суыртпақтап отырған сүреңсіздеу сиқылары жақсы әсер қалдырып жатқан жоқ. Авторлығы бірер данышпан адамға телінетін:” Дұшпаныңнан қорықпа-көп болса атып кетер. Сатқындардан қорықпа-көп болса-сатып кетер. Немқұрайдылардан қорық- олар атпайды да, сатпайды да, бірақ жер бетіндегі бүткіл зұлымдық солардың үнсіз келісімімен жасалады” деген ақиқат сөзін ұмытпауы керек. Иә, сондай уақыт болды, бір қолға шоғырланған билікке жалпақтады, жағымпазданды, қоғамда етек алған жемқорлыққа немқұрайлы қарағандары да рас, дәрменсіздік танытқаны да анық. Сондықтан да келер ұрпаққа бақытты ел болу үшін саяси қызметте де, жалпы қоғамдық кеңістікте ұлтқа адал қызмет етумен бірге неден сақ болып, неден қорқу керек екенін де тәспірлеп айтуларына не кедергі? Соған қарай жаңа Қазақстанның өркенді дамуына еселеп үлес қосатын жауапкершілік пен азаматтық абырой жайында ашық ойларымен үн қатқаны абзал. Тұщымды ойлары, парасатты пайымдары, ақиқатқа негізделген көзқарастарына ғана ел сенеді. Ескі жүйенің есепсіз былық-шылығынан “өскен” танымал дөкей болған жандардың енді “түк білмейтін” пендешілігі емес, шынайы адалдығы ғана ой сауықтыра алады. Сонда қоғам үнсіздіктен де арылып, алға жетелейтін мемлекетшіл, елжандылық қасиеттермен бетбұрысты дамуына септесетін болады.
Адалдықтың аспаны ашық болмағандай, ескі жүйе кезінде қоғам өтірікке қаншалықты тұмшаланса, сөзбұйдалық, құрғақ уәде, сыбайлас жемқорлыққа көз үйренді, деген пікірдің тас-талқанын шығаратын уақыт келмейді емес, келеді.
Біздің елімізде қазіргі саяси ұмтылыстар мен қоғамдық сілкіністі әкелетін жаңа адамдардың , мемлекетті басқаруға келетін жаңа буынның талпыныстарына осы елдің азаматы ретінде мен де сеніммен қараймын.
Жолтай дос, сенің де құтың өсіп, абыройың аса берсін.
Халық байып, ырысы артса, барлық өмірімізде әділдік орнай түссе бақытты ел болатынымыз хақ.
Бірақ, сөз басында айтқанымдай, ата-бабамыздан бізге жеткен жер байлығы мен ел байлығы, ер байлығы да қымбат.
Әлі де арбауы көп ақша мен алтын байлыққа есі ауып, мемлекет дүниесін молынан қапырып, тонаған сұм адамдардың мысалынан сабақ алып, теріс, қауіпті құбылыстардан қоғамды тазарту аса қастерлі іс, ұлттық намысымызға сын ретінде қарастырмай болмайды. Әділ заң да осылай болса керек.
Досым, сен оны түсінесің.
Күлтегін-бас жазуда мына бір тасқа қашалған сөзден артық арман, мақсат, үміт пен сенім болуы мүмкін бе?! Оқиық:
“Ағам қаған болып
Түркі халқын көркейте түсті.
Көтерді.
Кедейді бай қылды,
Азды көп қылды.”
Мың жылдықтардан жалғасып келе жатқан мейірім мен елдік арманымыз.
Қазақта “мешкей “деген жақсы ат па?” -деп келетін және бір сөз тіркесі бар. Кешегі отыз жылда талай жақсы нәрсені келе-келе тойымсыздық пен ашкөздік бүлдіріп, қоғамды қатты ренжітті. Сәулелі істерімізге көлеңке түсірді, ар-ұятқа кір жақты. Барды жоқ қылды, белгілі бір топ білгенін істеп, жемқорлық арқылы байлыққа белшесінен батты, қоғамдық пікірді елемеді, қарапайым адамдар шындық жолында күйзеліске ұшырады… дүние деген осы екен деп есіргендерден ақыл-ес кетті. Зауал келді ақырында ондайларға.
Уақыт бәрін де орын-орнына қояды. Мұны әсте ұмытуға болмайды. Бүгін де, ертең де, одан кейін де. Ар мен абыройдың кіршіксіз тазалығынан қасиетті ешнәрсе жоқ.
Қоғам жаратылысы мен табиғаты адалдықты сүйеді, өмір де тек шынайылықпен мағыналы. Қанша айтсақ та мұны артық етпейді.
Әрбір арайлы таңнан тек жақсылық күтеміз.
Жолтай дос, өзіңмен бөлісер осындай ойларым бар.
Сау бол!
Құрметпен, досың Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН.
11.11.2023 ж. Алматы.