COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Ш.МҰРТАЗА АТЫНДАҒЫ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАРАЗ
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / ТАУ ТҰЛҒА 90 жыл

ТАУ ТҰЛҒА 90 жыл

Қазақ әдебиетінің қаранары, қазақ журналистикасының жампозы, шындықтың жебесі тәрізді теңеулерді бір бойына сыйдырған тау тұлға ол – Шерхан Мұртаза.

Кеңестік жүйенің сұрқай саясатынан сескенбей, ұлтының мүддесін түгендеп, халқының сойылын соға білген сом жүрек қаламгер ол.
Көзі тірісінде-ақ қолжазбалары мен хаттары, қайталанбас туындылары бір жерге жинақталып, қазақ сөз өнерінің биігін асқақтатқан азаматтың рухани дүниелері ұлт байлығы болып оқу ордасының төрінен орын алды.

Кітап оқымайтын кемеңгерлер көбейген кезеңде Шераға шығармаларының шырыны өскелең ұрпақтың бойына қуат, жанына азық болары анық. Институт жанынан құрылған «Шерхантану және Рухани жаңғыру» орталығының ашылу сыры да осы. Қаламгердің Қаратаудай қазыналы қойнауына терең бойлап, болмысын тану, асқаралы абыройын асыру.

Институт төріндегі жазушы мұрасы мен мұрағатын ұлықтап, болашақ ұрпаққа насихаттап, игі жұмыстарға демеуші, әрі жанашыр болып жүрген ел ағасы, ХТИИ президенті Ерболат Саурыков еңбегі орасан зор.

Шерхан Мұртаза - бар жан-жүрегімен ұлтына адал берілген, руханияттың көшбасшысы бола білген ардақты ұлдарының бірі. Көзі тірі болғанда биыл Шерхан Мұртаза 90 жасқа толар еді. Өмірден өткеніне төрт жыл уақыт өтсе де, жазушы шығармашылығы өскелең ұрпақтың санасында жаңғырып, заманмен бірге жасасып келеді.
Әрине, ұлы тұлғалар ұлттық болмысымыз бен елдігімізді сақтау жолында қай істе де жанын аямай, жан ынта-ықыластырамен қызмет ете білген. Осындай тұлғалар қатарында абыз жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның да орны өзінше дара, өзінше дана.