ТАРАЗДАН ПОЛЬШАҒА: GOOGLE ҚЫЗМЕТКЕРІ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында Google компаниясының қызметкері Тараздық Жантөре Орынбасаровпен кездесу өтті.
Жантөре Орынбасаров - Тараз қаласындағы қазақ-түрік лицейінің түлегі. Оңтүстік Кореяның KAIST университетінде білім алған. Cisco-да тәжіриден өткен. Қазіргі таңда Google-дің Польшадағы штабында software engineer позициясында жұмыс жасайды.
Шерхан институтының студенттері мен қызметкерлері әлемге әйгілі компанияда қызмет етіп жүрген жерлестеріне IT-саласы бойынша сұрақтар қойып, пікір алмасты. Өз кезегінде, Google маманы, IT-саласының маманы болуы үшін не істеу керек және шет елдік ірі компанияларға жұмысқа қалай орналасуға болатыны жайлы маңызды ақпаратпен, тәжірибесімен бөлісті.
"Meetup форматындағы кездесу @zhambyl_it_hub және Жамбыл облыстық цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесе ұйымдастырылды. Шараға қызығушылық танытқан колледж студенттері мен оқушылар да қатысты. Болашағын атақты кәсіпорындармен байланыстырғысы келетін жастардың көп екендігі бізді қуантады", - деді институт ректоры Марат Баяндин.