COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Ш.МҰРТАЗА АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ТАРАЗ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / «Мен өмірге құштармын» облыстық байқауы өтті

«Мен өмірге құштармын» облыстық байқауы өтті

 

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Жастар саясаты және тәрбие жұмысы басқармасы,Инклюзивті білім беру және психологиялық қолдау көрсету орталығы,  «Рухани жаңғыру және Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен облыстық «МЕН ӨМІРГЕ ҚҰШТАРМЫН!» атты әлеуметтік жобасы аясында байқау өтті.

 

 

Мемлекетіміз қазіргі таңда даму мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша назарын аударып, қамқорлық көрсетіп отыр. Инклюзивті білім беру ерекше балаға білім беру саясатының бір түрі болып табылады. Байқаудың негізгі мақсаты да сол - мүмкіндігі шектеулі өнерлі жастар мен студенттер арасында рухани  байланыс орната отырып, олардың бойындағы қабілеттері мен таланттарын жарыққа шығару. 

 

 

Алғашқы сөзді институт Президенті Н.Ж.Муслимов алып, жобаның маңызы мен негізгі мақсаттарын атап өтіп,   қатысушы үміткерлерге сәттілік тіледі. Жобаға облыс аудандары мен Тараз қаласының мектептері,колледждері мен жоғары оқу орындарынан барлығы 19 студент пен сәйкесінше  19 «кейіпкер», яғни мүмкіндігі шектеулі өнерлі оқушы қатысты. Жоба ережесіне сәйкес ең әуелі үміткерлердің «кейіпкері» (мүмкіндігі шектеулі оқушы) туралы бейнероликтері қаралды, келесі кезекте сол «кейіпкерге» байланысты студент тарапынан жазылған эсселер қорғалды. Және ең соңында «кейіпкер»өз өнерін сахнада көрсетті. Осы ретпен 19 үміткердің барлығы тыңдалып, әділқазылар алқасы тарапынан бағаланды.

 

  

Байқау қорытындысы бойынша, жүлделі ІІІ орындарды «Өркен» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Айша Абдухалил мен Абай атындағы Жамбыл жоғары гуманитарлық колледжінен қатысқан Аяна Асан жұбы, сондай-ақ «Болашақ» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Ғалымжан Серікбай мен Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенті Меруерт Байдаулетова және «Мейірім» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Аружан Олжабай мен Шерхан институтының студенті Арайлым Ахмет иеленді. Ал, ІІ орын «Мейірім» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Аяна Рамазан мен Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Бақтияр Смаилға және Қаратау қаласы, «Үміт» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Құндыз Серікбай мен Шерхан институтының студенті Гауһар Сайлауханға бұйырды. Жүлделі І орынды «Болашақ» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Айсана Сағындық пен  Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенті Меруерт Байдаулетова жеңіп алса, Бас жүлде «Үміт» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Дамир Әбдіразақ пен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Әсел Мұсаеваның еншісінде болды.

 

  

Нәтижесінде жобаға қатысқандарға және оқушылардың қоғамға бейімделіп қалыптасуына  ерекше жанашырлық көрсеткені үшін мектеп мұғалімдеріне арнайы алғыс хаттар берілді.  Ал жеңімпаздар диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтсақ, ІІІ орын иегерлеріне -  100 мың теңге, ІІ орын иегерлеріне – 150 мың теңге, І орын иегерлеріне – 200 мың теңге, ал Бас жүлде жеңімпаздарына – 300 мың теңге табысталды.