COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Ш.МҰРТАЗА АТЫНДАҒЫ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАРАЗ
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / Бәсекеге қабілетті маман даярлау – басты міндет

Бәсекеге қабілетті маман даярлау – басты міндет

Мамандықты таңдау – өте жауапты, әр жас азаматқа тағдырлы мәні бар мәселе. Қай мамандықтар қазақстандық қоғамда бүгін сұранысқа ие, қай мамандықтар еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, қай мамандықтар мемлекет тарапынан әлеуметтік тұрғыда қорғалған? Осы сұрақтарды таразыға салып, дұрыс таңдау жасауға болады.

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты білім беру гранттары арқылы өз ісін жетік меңгерген білікті және қоғам сұранысындағы мамандарды даярлайтын оқу ордасы.

Біздің институтқа биылғы жылы «ветеринария» және «өсімдік шаруашылығы» (агрономия) білім бағдарламалары бойынша арнайы квотамен 40 мақсатты мемлекеттік грант бөлінді.

Жергілікті бюджеттен де біздің өңірге қажетті мамандықтар бойынша гранттар қарастырылған. Сонымен қатар, жастардың әртүрлі категорияларын қолдау мақсатымен «ректордың гранттарын» тағайындау және «100 грант» жобасы іске асуда. Яғни, қарап отырсақ, мемлекет және институт тарапынан бүгінгі жастарға қажетті жағдайлар жасалған. Ендігі жастардың мақсаты – осы мүмкіншіліктерді пайдаланып, дұрыс таңдау жасау, біздің міндет – оларға сапалы, қолжетімді, бәсекеге қабілетті білім беру.

 

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНСТИТУТ

Институтың «инновациялық» деп аталуы екі мәселеге байланысты: біріншіден, жылдан жылға инновациялық инфрақұрылымның дамуы, екіншіден, білім алушы жастарға инновациялық білім беру бағдарламаларын ұсыну.

Институт кадрлар дайындау жүйесін өңірдің экономикалық саясатымен ұштастырып келеді. Бүгінде бакалавриаттың 38 және магистратураның 24 білім бағдарламалары бойынша еліміздің түрлі өңірлерінен келген сегіз мыңнан аса жас білім алып жатыр. Оқу орнында елімізге қажетті педагогика, бизнес, басқару және құқық, жаратылыстану ғылымдары, ақпараттық- коммуникациялық технологиялар, ауыл шаруашылығы, ветеринария және орман шаруашылығы бағдарламалары бойынша мамандар даярланады.

 

ҒЫЛЫМ АРҚЫЛЫ БІЛІМ БЕРУ

Институтта бес ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Атап айтсақ:

• Агробиология ғылыми-зерттеу орталығы. Аумағы сегіз гектар жерде орналасқан. Студенттердің кәсіби тәжірибеден өтуіне, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, жылыжай кешенін дамытуға және отандық өсімдік селекциясын зерттеуге арналған. Зерттеу орталығының жатақханасы да заман талабына сай.

• Ветеринария және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы 50 гектар аумақты алып жатыр. Бұл ғылыми-зерттеу орталығының мақсаты–өңірлік агрокешенді дамыту және ауыл шаруашылығы селекциясын зерттеу. Мұнда институттың ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қараға арналған фермасы да орналасқан.

• Аквакультура ғылыми-зерттеу орталығы – өңірде балық шаруашылығын дамыту, балық өсіру, су айдындарының құрамын зерттеумен айналысады. Қазіргі таңда өңірдің балық шаруашылығы саласында 148 су айдыны бар. Институт ғалымдары осы көлдердің 80-іне ғылыми- биологиялық негіздеме жасады.

• ІТ академиясы да институт студенттерінің толық игілігінде. Мұнда студенттердің ІТ құзыреттіліктері дамытылады. Институттың оқытушы-профессорлық құрамының да цифрлық біліктілігін арттыру бойынша курстар ұйымдастырылған. Институттың ІТ академиясы 2022 жылы әлемдік HUAWEI компаниясының академиясымен және «CISCO» («Циско») желілік академиясымен серіктестік келісім жасап, бірлескен жобаларды іске асыруда.

• «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығында да қайнаған ізденіс тоқтаған емес. Институтқа аты берілген көрнекті қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның бай мұрасын зерттеу, сол мұрамен бүгінгі күннің арасында байланыс пен сабақтастықты орнату, сол мұра арқылы жастарға тәлім-тәрбие беру – институт ғалымдарының парызы.

 

ЖАСТАР САЯСАТЫ

Студенттер үйінде шетелдік заманауи озық университеттердегі секілді білім алушыларға бүкіл оңтайлылық қарастырылған. Студенттер үшін шығармашылық орталықтарда ұйымдастырылып, жүйелі жұмыс істеп тұр.

Электрондық оқу залында студенттер ғаламтор арқылы әлемдік әдебиеттерге, ғылыми еңбектерге, танымал авторлардың мақалаларына қол жеткізіп, білім көкжиегін кеңейте алады. Кинозалда пайдалы кино көріп, фильм арқылы да білім арттыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай- ақ, асхана, кофейня да Студенттер үйі тұрғындарының игілігінде. Студенттер үшін салауатты өмір салты, спорт секциялары да институт басшылығы тарапынан қолдауға ие. Жастардың тек білім қорын байытып қана қоймай, денсаулығы да дұрыс болғаны еліміздің ертеңі үшін керек. Өз кезегінде студенттік спорт көптеген дарынды жастарға үлкен кәсіби спортқа жолдама берді. Олардың ішінде бокстан әлем чемпионы, Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов пен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов та бар.

Жақында Парижде басталатын XXXIII Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын Шерхан институтының магистранты Асланбек Шымбергенов (бокс) және институттың биылғы жылының түлегі Данияр Шамшаев (дзюдо) қорғайтын болады.

Сол секілді видеостудия, бизнес- инкубатор, коворкинг орталығы арқылы институт басшылығы студенттер үшін Қазақстанда теңдесі жоқ ыңғайлылықтар тудырып отыр.

Көшбасшылар мектебі жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, оларды өмірге дайындауда. Сабақтан тыс уақытта би үйірмесінің де есігі айқара ашық. Студенттер үйінде көшбасшылар мектебі мен актерлік өнерге құмар жастар үшін студенттік театр ұйымдастырылып, сахна студенттер қарамағына берілген.

Яғни, өсіп келе жатқан ұрпаққа институт қабырғасында сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман және жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасуға барлық жағдайлар жасалған.

Оқу ордасының алдағы жоспарлары да айқын. Институт ұжымы келешекке үлкен үмітпен қарап, нәтижелі еңбек етуде.

 

Махметғали Сарыбеков,

Шерхан Мұртаза атындағы

Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.