Республикалық «Шерхан Мұртаза оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтті
Бүгін Тараз қаласында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Шерхантану және Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығы мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен республикалық «Шерхан Мұртаза оқулары» байқауының облыстық кезеңі өтті.
Байқауға аудандық және қалалық білім беру ұйымдарынан, сондай-ақ облыстық білім басқармасына қарасты мекемелерден 70 оқушы қатысып, Шерхан Мұртазаның бай шығармашылық мұрасы мен қайраткерлік тұлғасын дәріптеу мақсатында өз білімдері мен өнерлерін көрсетті.
Сайыс 5 бағыт бойынша ұйымдастырылды:
1. «Жүрекке жол тапқан жұлдыз көпір» – Ш.Мұртазаның драмалық шығармаларына әдеби, тілдік талдау жасау.
2. «Рух пен намыстың төресі» – жазушының публицистикалық толғамдары мен шығармаларынан үзінділерді жатқа, мәнерлеп оқу.
3. «Зау тұлға» – Шерхан Мұртазаға арналған арнау өлеңдерді оқу.
4. «Жұлдызы нұрлы суреткер» – жазушы шығармалары негізінде иллюстрациялық сурет салу.
5. «Шерхан Мұртаза мұрасы» – зерттеу жұмыстарын қорғау.
Шерхан Мұртазаның сан қырлы шығармашылығы мен қайраткерлік тұлғасын өскелең ұрпаққа кеңінен таныту, оның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан зор үлесін дәріптеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу – байқаудың негізгі мақсаты болып табылады.
Әділқазылар шешімі бойынша облыстық кезеңнің жеңімпаздары төмендегідей анықталып, республикалық кезеңге жолдама алды:
• 1 бағыт: Зере Сұлтанбекқызы (Тараз қаласы, Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған "БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ" лицей-интернаты).
• 2 бағыт: Анель Жамабек (Тараз қаласы, Озат HIGH SCHOOL мектебі).
• 3 бағыт: Сәкен Сағадин (Мойынқұм ауданы, Жамбыл атындағы орта мектебі), Сабина Жұмаділ (Т.Рысқұлов ауданы, Қорағаты шағын орталықты орта мектебі).
• 4 бағыт: Жания Манапалы (Меркі ауданы , №16 жалпы орта білім мектебі), Қарлығаш Амангелді (Тараз қаласы, №45 Б.Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясы).
• 5 бағыт: Мерейлім Әмірқұл (Жуалы ауданы, №27 Диқан орта мектебі).
Республикалық кезеңге жолдама алған жеңімпаздарға сәттілік тілейміз! Шерхан Мұртазаның рухани мұрасын жас ұрпақ арасында насихаттауға үлес қосқан барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз.