Интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша іс-шара өтті
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша ақпараттық іс-шара өтті. Бұл шара Жастар саясаты және Тәрбие жұмысы басқармасы мен Жамбыл облысының Полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға университеттің барлық факультеттерінің 1-курс студенттері мен колледж студенттері қатысты.
Цифрлық технологиялардың дамуы адамдардың өмірін жеңілдеткенімен, интернет-алаяқтықтың кең таралуына да себеп болды. Бұл кездесудің негізгі мақсаты – студенттердің киберқауіпсіздік деңгейін арттыру, интернетте қауіпсіздікті сақтау жолдарын үйрету және алаяқтардың арбау тәсілдерінен сақтануға көмектесу.
Шараға спикер ретінде Жамбыл облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Мухаммед Қошмағанбетов, Жамбыл облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Диас Қалыбеков қатысты.
Іс-шара модераторы Гүлшат Құлабекова өз сөзінде интернет-алаяқтықтың жастар арасында жиі кездесетінін атап өтті. Ол студенттерге ақпараттық қауіпсіздік дағдыларын жетілдіру мен қаржылық сауаттылықты арттырудың маңыздылығын түсіндірді.
Ал, Мухаммед Қошмағанбетов, интернет-алаяқтардың ең жиі қолданатын әдістерін мысалдар арқылы түсіндіріп, олардың арбау тәсілдерінен сақтану жолдарын айтты. Ол студенттерге өз деректерін ешкімге бермеуді, күмәнді сілтемелерге өтпеуді және бейтаныс адамдардан келген қоңырауларға сенбеуді ескертті.
Полиция аға лейтенанты Диас Қалыбеков интернет алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ақпарат беріп, қылмыскерлердің техникалық құралдарды қалай пайдаланатынын түсіндірді. Сонымен қатар, студенттерге банк карталарын, жеке деректерін бөтен адамдармен бөліспеу керектігін және күмәнді қаржы пирамидаларынан аулақ болуды қатаң ескертті.
Іс-шара барысында студенттер интернет алаяқтарының айла-амалдары туралы толық ақпарат алып, өздерін қалай қорғау керектігі жөнінде нақты кеңестерге ие болды. Мұндай кездесулер жастардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және киберқылмыстың алдын алуға үлкен үлес қосады.