COVID-19 қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз!

Мекен-жайы

Тараз қ, Желтоқсан көш, 69Б

Байланыс Телефоны

+7 (7262)50-13-55 +7 (7262)54-11-24

Жұмыс уақыты

Дүйсенбі - Жұма: 09.00 - 18.00

Ш.МҰРТАЗА АТЫНДАҒЫ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАРАЗ
ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИНСТИТУТЫ

Басты бет / Медиа / Жаңалықтар / «Ұлттық болмысымызды ұмытпауымыз керек»

«Ұлттық болмысымызды ұмытпауымыз керек»

Күні кеше ғана тәуелсіз елдің тынышын бұзып, байтақ баланың берекесін алған жағдайда зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен халық қалаулылары жағдайдың бел ортасында болып, көпшілікке басу айтып, айдай анық мақсатымыздан, жарқын болашағымыздан адаспауды, арандатушыларға арбалып қалмауды ескертіп жүрді. Жолындағысын жайпап өткен заңбұзушыларға да қасқайып қарсы тұрды. Сондай азаматтардың бірі – Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры,  филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА «Құрметті мүшесі», Жамбыл облыстық маслихатының депутаты Ерболат Саурықов. Біз оқиға ошағында болған Ерболат Байұзақұлымен арнайы пікірлесіп, мәселенің мән-жайын, оқиғаның қалай, неден басталғанын сұрап, біліп, өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдік.

 РЕДАКЦИЯДАН

– Бірнеше күнге ұласқан дүрбелеңді барлығымыз көзбен көрдік. Қазақстан халқы үшін өте қиын жағдай болды. Мемлекет басшысы үшін де уақытпен санаспайтын кезең болғанын көрдік. Бейбіт шерумен басталып, үлкен мемлекеттік төңкеріске айналып кете жаздады. Билік пен халықты байланыстыратын алтын көпір депутаттар болғандықтан біз оқиғаның ішінде, бел ортасында болдық. Шын мәнінде Мемлекет басшысы «Біз халықтың үнін еститін мемлекет болуымыз керек» деп үнемі айтып жүреді. Сол кезде ғана мемлекет ретінде өсіп-өнетінімізді нақты айқындап берді.

Өйткені билік басындағылардың көптеген кемшіліктерін халық айтып отырады. Сондықтан халықпен үнемі санасып отыру қажет. Президентіміз кеше өз сөзінде де биліктің арасында сондай топ пайда болғанын, соның салдарынан халықтың үнін ести алмай қалғанымызды, ақыры осындай оқиға орын алғанын жеткізді. Бірақ бұл жағдайдың өзін бірнеше бағытқа бөліп қарауға болады.

Біріншіден, оған себеп қарапайым халықтың арасындағы әлеуметтік жағдайдың төмен түсіп кетуі. Ең бірінші көрсеткіш осы. Екінші білімсіз, тәрбиесіз, жұмыссыз жастардың көбейіп кетуі. Мемлекет басшысына дұрыс ақпараттардың берілмеуі. Кеше Президентіміз «цифр қуалағанды қою керек, сол топтағы және діни сауаты жоқ жастардың көбейіп кетуі өзге топтардың жетегіне еріп кетуіне алып келді» деп атап өтті. Бұл екінші жағдай. Үшінші осы елдегі ахуалды бақылап отырған сыртқы топ жоғарыда атап өткен екі позицияны қалт жібермей, өздеріне тиімді пайдаланып, мемлекеттік төңкеріс жасауды көздеді.

Бірінші күннен бастап халықтың арасында болдық, олардың шағымдарын, талаптарын тыңдадық. Тиісінше жауаптарымызды бердік. Кез келген мемлекетте халық пен биліктің арасы алшақтап кетсе осындай жағдайдың орын алатыны анық. Алдағы уақытта осыны болдырмауымыз қажет. Кеше Президент жергілікті әкімдердің халықтың арасында жиі болуын, мұң-мұқтажын жіті тыңдауын тапсырды. Біз ең алдымен Президентіміздің осы тапсырмаларын орындауымыз қажет. Қазір бізге ең керегі сабырлылық. Сонымен қатар, елдің ішіндегі зиялы қауым өкілдері газет, журналдар арқылы көптеген мәселелерді халыққа ұғынықты жеткізуі тиіс. «Бұл жағдай қалай орын алды?», «оған кімдер кінәлі?», «ертең олар қалай жазаланады?» деген сауалдарға салмақты жауап беруі қажет. Қазір ел мұның арты не болады, билік қандай реакция жасайды екен деп күтіп отыр. Бір топ халық агрессиямен үйінде әлі отыр. Бір топ ел тасада сыни көзқараспен әліптің артын бағуда. Енді бір топ халық мемлекетпен бірігін елге басу айту жағында жүр. Осылай топ-топқа бөлініп кетті бұқара.

Осылардың барлығының басын бір арнаға тоғыстыруымыз керек қазір. Ол үшін қолына қалам ұстайтын, жақсы ой айта алатын, елдегі осы оқиғаға анализ жасап, нәтиже шығара алатын азаматтар БАҚ құралдары беттерінен түспеуі керек. Бұрын теледидар қарамай кеткен азаматтардың барлығы қазір көк сандықтан көз алмай отыр. Біз осы бұқаралық ақапарат құралдары арқылы елдің санасына кіреміз. Сол арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай сананы түзетеміз.

Ең алдымен сананы түзетуге жұмыс жасап, ұлттық болмысымызды, өзіміздің кім екенімізді еске түсіруіміз керек. Қазіргі жастарымыз ашығын айтқанда жаһандану заманына еріп кетті. Ал жаһандану артына кім көрінгенді ертіп алып кете алатын заман. Оған ермейін десең, әлемдік өркениеттен қалып қоясың. Білімсіз ерсең, соның құрбаны болып кетесің. Сондықтан жастарымыз өркениеттен қалмай, жаһандануға әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізбен, ұлттық болмысымыз, тәрбиемізбен  келуі қажет.

Бізде әлі де болса діни сауаттылық өте аз. Өте төмен деп те айтуға болады. Көптеген жастармен өзім жеке сөйлескенде біздің шығу тегімізді арабтарға тірейді. Біз арабтармен үш қайнатса сорпамыз бірікпейтін ұлтпыз. Біз – түбі бір түркі мемлекетіміз. Тек қана ислам дінін қабылдаған елміз. Сондықтан мұсылман дінінде бола отырып, өзіміздің ұлттық болмысымызды, асыл қазыналарымызды ұмытпауымыз керек. Сол кезде адаспаймыз. Ал қара жамылып, көзін ғана көрсетіп, балақтарын кесіп, сақал қойып жүргендер діни ұстанымы басқа азаматтар. Олардың біздің қазақ халқына ешқандай жақындығы, жанашырлығы жоқ. Сондықтан біз қазіргі уақытта жастардың көзін ашуымыз керек. Сол кезде ғана біз алдағы мақсаттарымызға жетеміз.   

 Ерболат САУРЫҚОВ